Алматы әуежайының ескі және жаңа терминалы арасында көпір ашылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы әуежайының халықаралық рейстерге арналған жаңа терминалы мен ішкі рейстерге арналған ескі терминалы арасында жаңа көпір ашылды.
Бұған дейін екі терминал арасында тікелей байланыс болмаған еді. Ескі не жаңа терминалдан екіншісіне бару үшін ғимараттың сыртына шығып, жаяу жүру қажет болатын.
— Алматы әуежайында терминалдар арасында жаңа көпірдің құрылысы аяқталғанын қуана хабарлаймыз. Енді халықаралық және ішкі терминалдар арасында көшеге шықпай-ақ оңай және жылдам өтуге болады, — деп хабарлады әуежай әлеуметтік желіде.
Еске салайық, биыл 1 маусым күні Алматы халықаралық әуежайының жаңа терминалы алғашқы рейстерді қабылдады.
Ал Алматы әуежайының президенті Гокер Косе әуежайға тағы 100 млн доллар инвестиция салынатынын айтты.
Сондай-ақ Гокер Косе ескі әуежайдағы бомбадан қорғанатын орындарды 40 жыл бойы ешкім қарамағанын хабарлады.