Алматы әуежайы рейстер кестесінде өзгерістер болуы мүмкін екенін хабарлады

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы халықаралық әуежайы Airbus компаниясы бүкіл әлемдік тасымалдаушыға арналған шұғыл директива жариялағанын хабарлап, жолаушыларға ескерту жасады.

Құжат Airbus әуе кемелеріндегі ұшақтарда биіктікті басқаратын компьютерді және операциялық бағдарламалық жасақтаманы шұғыл жаңартуға міндеттейді. Әрбір ұшақ бұл жұмысты келесі рейске шықпай тұрып орындауға тиіс.

– Бұл шара әлемдік деңгейде жүзеге асырылып жатыр. Airbus A320 әуе кемелерімен орындалатын рейстердің кестесінде өзгерістер болуы мүмкін. Жолаушыларға өз рейсіне қатысты мәліметті әуе компанияларының ресми сайттарынан алдын ала тексеріп отыруды ұсынамыз, - делінген хабарламада.

Алматы халықаралық әуежайының мәліметінше, барлық қызмет штаттық режимде жұмыс істеп тұр, әуе қатынасы толық көлемде халықаралық талаптарға сай орындалып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Air Astana рейстері өзгеріп, Airbus ұшақтары кідіруі мүмкін екенін жазғанбыз.

Кейінірек Азаматтық авиация комитеті Air Astana мен FlyArystan рейстері кестесінің қашан қалпына келетінін хабарлады.