Алматы әуежайында ауа райына байланысты рейстер кешігіп жатыр

Фото: Александр Павский/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда түнгі уақыттан бері қалың қар жауды.

Ауа райына байланысты Алматы әуежайында ішкі және халықаралық әуе рейстері кешігіп жатыр.

Әуежайдың онлайн таблосына сәйкес, түнгі рейстердің көпшілігі кейінге қалдырылған. 

Қазір шығуы кешігіп жатқан рейстер қатарында: Алматы — Дубай, Алматы — Қарағанды, Алматы — Өскемен, Алматы — Астана рейстері бар.

Еске салайық, 10 желтоқсан таңғы 07:00–дегі мәлімет бойынша Алматыда қардың қалыңдығы 35 сантиметрге жетіп, айлық норманың жартысына жуықтады.

Қаланы қардан тазалауға 2 728 жұмысшы мен 75 жедел бригада тартылды. Қала көшелеріне 923 арнайы техника шықты, соның ішінде 228 құрама жол машинасы көктайғақты болдырмау мақсатында арнайы қоспа себуге кірісті. Техникалардың жүрісін қамтамасыз ету үшін 22 полиция экипажы, сондай-ақ 10 эвакуатор мен манипулятор жұмылдырылды.

Одан бөлек қар мен көктайғақ салдарынан Алматыда бір түнде 58 жол-көлік оқиғасы болғанын жазғанбыз.