Бүгін 33 жастағы пациент күрделі операциядан кейін бес ай өткен соң Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасына қайта келді. Бес ай бұрын оған IV дәрежелі ауыр кератоконус диагнозына байланысты мөлдір қабықты трансплантаттау жасалған болатын. Бүгінгі бақылау тексеруі жақсы нәтижені көрсетті. Пациент дәрігерге алғыс айту үшін де арнайы келген.
33 жастағы жас жігіт иөлдір қабықтың ауыр ауруы — IV дәрежелі кератоконусқа тап болған. Аурудың үдеуіне байланысты көру қабілеті айтарлықтай төмендеп, мөлдір қабықты трансплантаттау қажет болған.
Операцияны Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының офтальмология бөлімшесінің меңгерушісі Гүлзат Абдраимова жасады. Хирургиялық емнің арқасында пациенттің көзі сақталып қалды.
Бүгін, трансплантаттаудан кейін бес ай өткен соң, мамандар бақылау тексеруін жүргізді. Мөлдір қабықтың жағдайы оң бағаланып отыр.
Тексеруден кейін жас пациент көрсетілген ем мен көмек үшін дәрігерге және медицина қызметкерлері тобына шынайы алғысын білдірді.
— Біз үшін әр операцияның артында нақты адамның тағдыры тұр. Әсіресе жас пациенттерге көру қабілетін сақтап, толыққанды өмір сүруіне, білім алуына, еңбек етуіне және болашаққа жоспар құруына мүмкіндік беру аса маңызды, — дейді офтальмология бөлімшесінің меңгерушісі Гүлзат Абдраимова.
Мөлдір қабықты трансплантаттау — офтальмохирургиядағы күрделі бағыттардың бірі. Ол мамандардың жоғары біліктілігін, заманауи хирургиялық технологияларды және операциядан кейін ұзақ уақыт бойы бақылауды қажет етеді.
Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасында мұндай операциялар донорлық бағдарлама шеңберінде жүргізіледі.
Жыл басынан бері аурухана мамандары 15 мөлдір қабықты трансплантаттау жасады.
Әр операцияның артында жеке тарих және трансплантаттау көру қабілетін сақтап қалуға немесе қайта қалпына келтіруге мүмкіндік берген адам тұр.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда донорлық ағзаға мұқтаж 4 739 адам трансплантация кезегінде тұрғанын жаздық. Оның 125-і – балалар. Елде трансплантация жүйесі біртіндеп дамып келе жатқанымен, мәйіттік донорлықтың үлесі әлі де төмен. Сондықтан көптеген пациент ағзаны бірнеше жыл күтуге мәжбүр.