Алматы метросының бекеттерінде платформалық есіктерді орнатуға 7 млрд теңге жұмсалады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы метрополитенінің 11 бекетінде платформалық есіктер орнатылады.

Фото: gemini ai

Тиісті қызметке қатысты хабарландыру мемлекеттік сатып алу сайтында жарияланды. Қалалық метро бекеттерінің перрондарында өздігінен ашылып-жабылатын есіктерді орнатуға 7 135 293 555 теңге бөлінген.

Рельстерді жолаушылардың платформасынан бөліп тұратын есіктердің жобасын жасау былтыр тамыз айында қолға алынған болатын. Жобаның техникалық ерекшеліктерге сәйкес, платформаның шетінен бүкіл ұзындығы бойынша шыны қоршау және есіктер орнатылады. Шыны қоршаулар жол тоннельдері мен пойыздың күту аймағы арасындағы тосқауыл болып, жолаушылар мен заттардың рельстерге абайсызда немесе әдейі құлауын болдырмайды. Метро вагондарымен автоматтандырылған есіктер синхронды түрде ашылатын және жабылатын болады.

Еске салайық, аталған есіктерді орнату жұмысы Алматы метросында болған қайғылы оқиғадан кейін қолға алынды. Абай» метро бекетінде 26 жастағы зағип жолаушы рельске құлап, мерт болды.

Метродағы қайғылы жағдайдан кейін бекеттерде қоршау орнатыла бастады. Бірақ вагондар арасындағы аумақты ғана жауып тұратын құрылым жолаушылардың көңілінен шыққан жоқ.

Кейін метрополитен директоры метрода орнатылып жатқан қауіпсіздік қоршаулары уақытша шешім екенін айтты.