Алматы метросының үш желісі болады: әрқайсысы қандай сатыда тұр

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда жылдан жылға күшейіп келе жатқан кептеліс мәселесін шешу және жолға түсетін жүктемені азайту мақсатында қалалық метроның жаңа бағыттары салынбақ.

Фото: Алматы әкімдігі

Метрополитеннің қолданыстағы желісі 2011 жылы ашылды. Оның құрамына "Райымбек батыр", "Жібек жолы", "Алмалы", "Абай", "Байқоңыр", "Әуезов театры" және "Алатау" бекеттері кірді. 2015 жылы тағы екі бекет - «Сайран» және «Мәскеу» ашылса, 2022 жылы “Сарыарқа” және “Бауыржан Момышұлы” бекеттері іске қосылды. Бүгінде метроның бірінші желісінде 11 станция бар және оның ұзындығы 13 шақырымнан асады.

Фото: Алматы әкімдігі

Жылдам көлік түрін күніне 100 мыңнан астам жолаушы қолданса да, ол қаладағы жол-көлік мәселесін түбегейлі шеше алмай отыр. Себебі метро қаланың негізгі бағыттарын толық қамтымайды. Сондықтан қазір метрополитеннің қолданыстағы желісін тағы 4 бекетке ұзартып, оған қоса әуежай мен Алатау қаласы бағытында екінші және үшінші желілерін салу жоспарланып отыр. Осы орайда, Kazinform агенттігі метро желілерінің әрқайсысы бойынша атқарылып жатқаны жұмыстарды нақтылады.

“Қалқаман” бекеті және бірінші желінің жалғасы

Қазіргі желінің жалғасы ретінде 2020 жылы “Бауыржан Момышұлы” бекетінен әрі қарай «Қалқаман» жобасы жылы қолға алынды. Ал құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталды.

Дегенмен жаңа бекеттің құрылысы бастапқы болжамға қарағанда баяу жүрді. Нысанның ашылуы мерзімі кейінге шегеріліп отырды.

Мердігер компания қаржыландыру бірқалыпты бөлінбегендіктен, жұмыс қарқыны төмен болғанын мәлімдеді. Атап айтқанда, 2020 жылы — 190 млн теңге, 2021 жылы — 600 млн, 2022 жылы мүлдем қаржы бөлінбеген. Негізгі қаржы 2023 жылдан бастап түсе бастаған: 9,2 млрд (2023), 2,3 млрд (2024), 28 млрд (2025), ал 2026 жылы тағы 17 млрд теңге қарастырылды.

Фото: Алматы әкімдігі

Наурызбай ауданы әкімдігінің мәліметінше, “Қалқаманда” қазір құрылыс жұмыстарының 97 пайызы аяқталған. Жоба аясында 350 орындық автотұрақ салынып жатыр. Осы ретте мемлекеттік сатып алу сайтында жаңа станцияны пайдалануға беруге арналған іске қосу - жөндеу жұмыстарына хабарландыру жарияланды. Құжаттың техникалық ерекшеліктеріне сәйкес, мердігер ұйым жаңа бекеттің электр, су, жылу, желдету және қауіпсіздік жүйелерін тексеріп, оларды қолданыстағы метрополитеннің орталықтандырылған басқару желісіне толық қосылуын қамтамасыз етуі тиіс. Оған 929 млн теңге жұмсалмақ. Лотқа өтінімдерді қабылдау 20 тамыз күні басталды және 25 тамызға дейін жалғасады.

Алдағы жылдары «Қалқаман» бекетінен «Барлық» базарына дейін тағы үш станция салу жоспарланып отыр. Жобаның жалпы ұзындығы — 5,3 шақырым. Нәтижесінде Алматы метросының бірінші желісі 15 станцияны біріктеретін болады.

2025 жылдың аяғында Алматы әкімі Дархан Сатыбалды метрополитенді дамыту бойынша нақты мерзімдерді атады.

Фото: Алматы әкімдігі

— Қаланың заманауи көлік жүйесін қалыптастыру — Алматының негізгі басымдықтарының бірі. 2026 жылы «Қалқаман» метро бекетін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Алдағы үш жыл ішінде бірінші желі «Барлық» базарына дейін жеткізіледі. Қазіргі таңда метроның екінші және үшінші желілері жобаланып жатыр, — деді Дархан Сатыбалды.

Олар келесі мекенжайларда орналасады:

I станция — Алатау даңғылы бойында, Наурызбай ауданы әкімдігі маңында;
 II станция — Алатау көшесі мен Төле би көшесі қиылысында;
III станция — «Барлық» базары аумағында.

Жақын уақытта аталған метро учаскесі бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуі тиіс. Бұл жұмыстарға 2,9 млрд теңге бөліп, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жеңімпаз да анықталды. Ол - “Метропроект” ЖШС.

Фото: Алматы әкімдігі

Метрополитеннің екінші желісі

Ал метрополитеннің екінші желісі «Жібек жолы» бекетінен Алматы әуежайына дейін жеткізіледі және 14 шақырым болатын бұл бағытта 8 бекет салынады. Ол Гоголь көшесі арқылы Орталық демалыс саябағына өтеді. Әрі қарай Шығыс автомобиль айналма жолына шығып, әуежайға дейін жетеді.

Өткен жылы жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірленіп жатқаны хабарланған болатын. Алматы қаласы Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының агенттікке берген мәліметіне сәйкес, бүгінде Алматы метрополитені екінші желісінің құрылысы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп қойған. Құжат жақында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Енді жобалау-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлеу жұмыстары басталады.

Фото: Алматы әкімдігі

- ЖСҚ әзірлеу бойынша жұмыстарды осы жылы бастау жоспарланған. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлейтін мердігер ұйым биыл анықталады, - деп мәлімдеді ведомстводан.

Жоба бойынша метрополитеннің екінші желісінің бекеттері келесі мекенжайларда орналасады:

- №1 бекет – Алматы әуежайының маңында;
- №2 бекет – «Нұршашқан» шағын ауданының аумағында;
- №3 бекет – «Апорт-2» сауда-ойын-сауық орталығының жанында;
- №4 бекет – «Жетісу» базарына қарама-қарсы;
- №5 бекет – «Халық Арена» спорт кешенінің жанында;
- №6 бекет – Құмай көшесінің Шығыс айналма автомобиль жолымен қиылысында;
- №7 бекет – Орталық мәдениет және демалыс саябағының кіреберісінде;
- №8 бекет – «Жібек Жолы» бекетінің жанында, Назарбаев даңғылының шығыс жағында.

Метро салынатын жер дайын ба

Жоба әзірлеуден бөлек Алматыда екінші метро желісі үшін құрылыс алаңдарын дайындау жұмыстары басталып кеткен. Былтыр қаладағы жер телімдері мемлекет мұқтажына алынатынын жазғанбыз.

Фото: Алматы әкімдігі

Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасының мәліметінше, қала әкімдігінің №01-01/1917 (12.11.2025 ж.) және №2/195-882 (19.06.2026 ж.) қаулылары негізінде барлығы 130 жер учаскесі мәжбүрлі түрде алынуы тиіс. Осы бағыттағы жұмыстар бойынша қазір 58 учаске сатып алынған, 11 учаске сотта қаралып жатыр және 38 учаске жұмыс үстінде. Одан бөлек 8 учаске бойынша жалға алу құқығы тоқтатылған, 4 учаске әкімдіктің тұрақты жер пайдалану құқығында, 1 учаске «Алматы Қала Жарық» АҚ-на тиесілі. Сондай-ақ 8 учаске мемлекет мұқтажына алынатын тізімнен шығарылған.

Алматы метросының үшінші желісі

Қалалық метрополитеннің тағы бір желісі - “Сайран” бекетінен Алатау қаласына дейін созылады. Бұл туралы былтыр белгілі болды.

2025 жылы Алатау қаласынан «Мизам» базарына дейін, екіншісі — «Мизам» базарынан «Сайран» бекетіне дейін екі техникалық-экономикалық негіздемені (ТЭН) дайындау басталды. Бұл жұмыстарға мемлекеттік байқаудың жеңімпазы - “Улмад” ЖШС болды. Бірінші құжатты әзірлеуге 1,3 млрд теңге, екіншісіне 890 млн теңге бөлінді.

Бастапқы талап бойынша ТЭН 2026 жылдың 31 мамырында дайын болуы қажет еді. Алайда Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы құжат әлі де әзірленіп жатқанын хабарлады.

Фото: Алматы әкімдігі

- Қазіргі уақытта «Алматы қаласы метрополитенінің үшінші желісінің құрылысы. «Алатау» бекетінен Алатау қаласына дейінгі учаске» нысаны бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, - делінген ведомство жауабында.

Жоспар бойынша метроның үшінші желісі 21 шақырымға созылады. Онда 12 станция болады. Атап айтқанда:

— № 1 бекет — «Gate City» жанында, «Солтүстік» көлік торабының аумағында;
№ 2 бекет — «Кемел» шағын ауданының жанында;
— № 3 бекет — Солтүстік айналма жолы мен Боралдай көшесі қиылысында;
— № 4 бекет — Солтүстік айналма жолы бойында, Сауда көшесімен қиылысында;
— № 5 бекет — Солтүстік айналма жолы бойында, әскери бөлім жанында;
— № 6 бекет «Кенжехан» базарының жанында;
— № 7 бекет — «Мизам» базарының аумағында;
— № 8 бекет — Солтүстік айналма жолы бойында, «Ялян» базарының аумағында;
— № 9 бекет — Солтүстік айналма жолы бойында, «Adem» сауда үйі аумағында;
— № 10 бекет — Райымбек данғылы мен Тілендиев көшесінің қиылысында;
— № 11 бекет — Төле би көшесі мен Тілендиев көшесінің қиылысында;
— № 12 бекет — Абай данғылы мен Тілендиев көшесінің қиылысында, “Сайран” бекетінің жанында.

Фото: Алматы әкімдігі

Еске салайық, бұған дейін «Алматыбасжоспар» ҒЗИ бас директоры Асхат Сәдуов Алматыда метроның жаңа желілерін салу үшін шетелдік мердігер ұйымдарды тарту мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтты.