Алматы облысында ауданның экс-әкіміне қатысты тергеу аяқталды

Фото: Фото: Бағдат Қарасаевтың Instagram парақшасынан

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысы Іле ауданының бұрынғы әкімі Бағдад Қарасаевқа қатысты тергеу аяқталып, қылмыстық іс аудандық сотқа жіберілді.

Бұл туралы Kazinform агенттігінің сауалхатына жауап берген Алматы облысының прокуратурасы хабарлады.

— ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті Б.Ә. Қарасаевқа қатысты және ҚР Қылмыстық кодексінің 189, 190, 324, 361, 362, 364, 369 баптары бойынша басқа да адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтағанын хабарлаймыз. 2025 жылдың 31 наурызында қылмыстық іс ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 305-бабының тәртібімен мәні бойынша қарау үшін Алматы облысы Іле аудандық сотына жолданды, — делінген облыстық прокуратураның ресми жауабында.

Айта кеткен жөн, 2018 жылдың қыркүйегінен бастап 2024 жылға дейін Бағдат Қарасаев Іле ауданының әкімі қызметін атқарған. Бұл қызметіне дейін 2015-2018 жылдары Талдықорған қаласының әкімі болған. Одан Алакөл ауданының әкімі болып жұмыс істеген, сондай-ақ бірнеше жеке компанияларды басқарған.

2024 жылы қыркүйек айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы Іле ауданы әкімі ұсталғанын мәлімдеді.

Кейін Алматы облысының прокуратурасы Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаевтың ұсталуына қатысты түсінік берді.

Антикор Іле ауданының әкімі мемлекетті 204 млн теңге шығынға батырғанын хабарлады.

2024 жылы қараша айында Алматы облысы Іле ауданының жаңа әкімі болып Қайыржан Жақсымбетов тағайындалды.