Алматы облысында Көшпенділер қаласына дейін жаңа жол салынды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Іле өзенінің жағалауында орналасқан Көшпенділер қаласына баратын жол жеңілдейді. 

Фото: Қонаев қаласы әкімдігі

Нысан 2005 жылы көрерменге жол тартқан «Көшпенділер» фильмін түсіру үшін арнайы салынған. Қалашық Іле өзенінің жағасында, Қапшағай қаласынан 30 шақырымдай жерде орналасқан. Аумағы — 5,8 гектар.

Фото: Қонаев қаласы әкімдігі

Ал Alatau visit орталығының өкілі Фариза Сихымбаева туристік нысанға дейін ұзындығы 6,9 шақырым болатын жол учаскесінің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілгенін айтты.

Сонымен қатар ол былтыр облыс әкімдігінің қарамағына өткен қалашық алдағы уақытта жаңғыртудан өтетінін атап өтті.

Фото: Қонаев қаласы әкімдігі

— Бұл кешенге қазір жаңадан жол салынып, оның бойы жарықтандырылды. Мұнда келетін туристер ағынын көбейту мақсатында нысанды толық жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Туристер үшін барлық жағдай жасалады, — деді ол.

Фото: Қонаев қаласы әкімдігі

Өткен айда мемлекеттік сатып алу сайтында Көшпенділер қаласын жаңғырту үшін оның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге байқау жарияланған. Алайда ол өтпей қалды. Лот 2026 жылы қайта жарияланады деп күтіледі.

Еске салайық, 2025 жылы Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» Ұлттық киностудиясы иелік еткен Көшпенділер қалашығы Қонаев қаласының меншігіне берілді.