650 гектар жерді өрт шарпыған. Қызыл жалынды сөндіруге таулы-жоталы жер бедерінің күрделілігі, тіпті кейбір учаскелердің қолжетімсіздігі сондай-ақ қатты екпінді жел қиындата түскен.
— Қабылданған шаралардың нәтижесінде өрттің таралуы тоқтатылды. Қолжетімсіз аумақтардағы жекелеген ошақтарды сөндіру үшін ТЖМ авиациясы тартылды, — делінген хабарламада.
Су төгу құрылғыларымен жабдықталған «Қазавиақұтқару» тікұшақтары арқылы жалпы көлемі 78 тонна су 26 рет төгілген.
Өртті сөндіруге ТЖМ, жергілікті атқарушы органдардың, орман шаруашылықтарының және өзге де өзара іс-қимыл жасайтын қызметтердің шамамен 310 қызметкері мен 44 техникасы, сондай-ақ «Қазавиақұтқару» кәсіпорнының 2 тікұшағы жұмылдырылды. Қазіргі уақытта жекелеген бықсыған ошақтарды жою және аумақты суару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жағдай ТЖМ бақылауында.
Айта кетейік, бүгін ШҚО-да орман өрті тіркелді.