Алматы тауларында қар жауып жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда күн салқындады.

Видеодан алынған кадр

Алматы тауларында қар жауып жатыр. Жапалақтап жауған ақ ұлпаның бейнежазбасын Шымбұлақ тау-шаңғы курорты әлеуметтік желілерде бөлісті.

Одан бөлек Алматының тау шатқалдарында орнатылған камералардан онлайн форматта биік шыңдардағы ауа райын бақылауға болады.

Таулы аймақта қар жауса, мегаполистің өзінде және оған іргелес аумақтарда күндіз жауын-шашын түсті. Бұған дейін 5 қарашада Қазақстанның солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, қар түсетінін жазғанбыз. Ал Алматыда күн ала бұлтты болып, жаңбыр жауады деп болжанды. Жел 3-8 м/с, екпіні 13 м/с-қа дейін. Ауа температурасы түнде +4…+6°C, күндіз +11…+13°C.

Еске салайық, биыл Алматыда ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты жылыту маусымын әдеттегіден ертерек бастау туралы шешім қабылданған болатын. 9 қазаннан бастап қалада орталық жылу жүйесіне қосу жұмыстары басталды. Ал тұрғын үйлер орталық жылуға 10 қазаннан бастап қосылды.

Жылыту маусымы басталған 1 айға жуық уақыт ішінде қаланың тұрғын үй секторында 18 өрт тіркелді. Оның салдарынан 1 адам қаза тауып, 5 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған. Осыған байланысты ТЖД мамандары қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.