Әлеуметтік желіде қаланың ауа сапасына қатысты шағым көбейді. Себебі ауа сапасын көрсететін карталар қызыл түсті көрсетіп тұр. Көпшілігі жағдай мүшкіл екенін айтып, дабыл қағады.
- Алматыдан тез арада кету керек сияқты... Бүгін не болды? Бірдеңе жарылды ма, әлде бірдеңе болды? Датчик картасын ашсаң, жағаңды ұстайсың. Бүкіл қала қызылға боялған, ал қаланың төменгі жағында және Шаңырақ аймағында көрсеткіштер 300-400-ден асып кеткен (қою күлгін түс - апатты көрсеткіш). Қаладағы орташа AQI 172 («Зиян»). Тіпті әлем бойынша ауасы лас деп танылған қалалардан асып түсті. Сыртқа шыққанда, ауа емес, қою түтінді жұтқандай боласың, - деді алматылық тұрғын.
Тағы бір тұрғын қосымшадағы карталарды көрсетіп, сақтану керегін ескертті.
- Алматыдағы ауаның ластану көрсеткіштері (Taza Air қолданбасы). Алматының төменгі бөлігіндегі аудандарда ауа сапасы денсаулыққа өте қауіпті! Алдағы бірнеше күн бойы респиратор киюді ұмытпаңыздар, бұл шынымен де алаңдатарлық жайт, - деді желі қолданушысы.
Алматылық ер адам қаладағы жайттан кейін өз болашағына алаңдайтынын жазды. Сөзінше, әр алматылық бір аптада бір қорап темекі шеккендей болды.
- Алматылықтарға сұрақ! Егер мынадай ауамен өзімізді және балаларымызды өлтіріп жатсақ, күн сайын не үшін жұмыс істеп, ақша тауып, болашаққа жоспар құрып жүрміз? Датчик деректеріне сүйенсек, өткен аптада қою түтін салдарынан бәріміз шамамен бір қорап темекі шеккендей болдық. Кішкентай баладан қартқа дейін. Бұл мәселе өз басымызға түспейінше үнсіз отырамыз. Бірақ ауа сапасы – барлығына ортақ мәселе. Ол балаларыңа да, ата-анаңа да, өзіңе де тікелей әсер етеді. Almaty Air Initiative ұйымы ауа ластануының темекі түтінімен салыстырғандағы шартты көрсеткіші 16,8 темекіге тең деп көрсетілген. Яғни, біз күніне шамамен 2-3 темекі шеккендей зиянды заттарды еріксіз жұтып жүрміз, - деп дабыл қақты тұрғын.
Сондай-ақ желідегілер Алматының жоғары жағынан түсірілген фотоларын бөлісті.
- Алматыдағы қою түтінді байқамасаңыздар, аспаннан түсірілген фото арқылы көрсетейін, - деді Жанар Комбаева.
Әрі бұрын тұмша алыстан көрінсе, қазір жоғарғы қабаттың терезесінен байқауға болатынын айтады.
- Таңғы сағат 9:00. Бұрын қара түтін көкжиекте алыстан немесе жүк көліктері келетін Рысқұлов көшесінің бойындағы аумақтан көрінетін еді. Енді мұны таңертең көз алдыңызда байқай аласыз, - деді Алматы тұрғыны.
- Бүгінгі кеңсе терезесінен көрініс, - деп бөлісті әйел.
Тағы бірі алаңдатарлық көріністі көрсетті.
- Алматы, таңғы 8:30, немен тыныстап жүрміз?, - делінген жазбада.
Зиянды бөлшек концентрациясы нормадан 5 есе көп
Almaty Air Initiative қоры қою тұмшаның білінуіне жылыту маусымы әсер еткенін мәлімдеді.
Қор деректері бойынша, 1 қарашада ұсақ дисперсті PM2.5 бөлшектерінің орташа тәуліктік концентрациясы 77,5 мкг/м³-ке жетті. Ол денсаулыққа ең қауіпті ауа ластағыштарының бірі саналады.
Бұл Қазақстанда белгіленген орташа тәуліктік шекті рұқсат етілген концентрациядан екі еседен көп, ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған тәуліктік деңгейден 5 есе көп.
4 қарашада да көрсеткіш нормадан жоғары болып, 48,8 мкг/м³ жетті. Концентрациялар қаланың максималды біржолғы шекті рұқсат етілген концентрациядан асып түсті.
Ал 2025 жылы PM2.5 бөлшектерінің орташа жылдық мөлшері 31,2 мкг/м³ болды. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған 5 мкг/м³ нормадан алты еседен астам жоғары.
Қаланың қай аудандарында жағдай мүшкіл?
Almaty Air Initiative дерегі бойынша Түрксіб ауданы ең лас болып саналады. Онда PM2.5 орташа жылдық концентрациясы - 46,8, Демек әр тұрғын жылына 776 қорап темекіге тең түтін жұтады. Ал Жетісу және Алатау аудандарында 37,9 және 37,7 мкг/м³ болды.
Салыстырмалы түрде Бостандық ауданының ауасы таза деп саналады, яғни 22,1 мкг/м³. Бірақ ол да қуанарлық көрсеткіш емес, себебі ондағы ауа жылына 366 қорап темекі шеккенмен тең.
Көліктер - ауа ластануының негізгі факторы
«Bilim Barine» қоғамдық қорының жасыл энергетика, қоқыс-қалдықтарын басқару және климат дағдарысы салалары бойынша сарапшысы, эколог, Назарбаев университетінің оқытушысы Бауыржан Биахметов Алматы ауасын ластайтын негізгі факторды атады. Ол – автокөліктер, жылу электр орталықтары мен өнеркәсіптік кәсіпорындар. Соның ішінде атмосфераға шығарылатын зиянды заттардың шамамен 60%-ы көліктерге тиесілі екенін атап өтті. Себебі автокөліктерден азот оксидтері (NOx) көп бөлінеді.
Қоғамдық көлік пен қала құрылысын дамыту қажет
Бауыржан Биахметов тұмшамен күресу үшін қысқа және ұзақ мерзімді шараларды қатар қабылдау керек деп есептейді. Оның пікірінше, көмірмен жұмыс істейтін жылу орталықтарын газға көшіру мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқанымен, жұмыстардың баяу жүруі нәтижеге жетуге кедергі болып отыр.Бұдан бөлек, қалада көлік саны мен халықтың көбеюі жол қозғалысына түсетін салмақты арттырған. Ол бұл мәселені қоғамдық көлікті дамыту және қаланың құрылысын дұрыс жоспарлау арқылы шешуге болатынын айтады.
- Алматыда бос орын табылса, биік ғимараттар салынып жатыр. Соның салдарынан белгілі бір аумақтағы халық тығыздығы артып, онда тұратын және жұмыс істейтін адамдардың, сондай-ақ көліктердің саны көбейеді. Менің ойымша, қала құрылысы мен урбанистикалық жоспарлау жеткілікті деңгейде жолға қойылмаған, – деді эколог.
Оның пікірінше, қоғамдық көлікке бөлінетін инвестицияны арттыру қажет. Сарапшы үш шараны тездетуді ұсынды.
- Жеке секторды газдандыру.
- ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті газға көшіру.
- Қаланы дұрыс жоспарлау. Оның пікірінше, бұл жұмысты урбанистермен қатар, ауа мен судың ластануы, адам денсаулығы мәселелерін зерттейтін сарапшылармен бірлесіп жүргізу қажет.
Краков тәжірибесі және жаңа технологиялар
Бауыржан Биахметов Алматыдағы қою түтінмен күресте халықаралық тәжірибені пайдалануды да ұсынады. Оның айтуынша, географиялық орналасуы жағынан Алматыға ұқсас қалалардың бірі – Польшаның Краков қаласы. Екі қала да ойпатта орналасқан, таулармен қоршалған және температуралық инверсия құбылысы байқалады.
- Краковта да бұрын тұрғындар үйлерін пешпен жылытып, ауа ластануы өзекті мәселеге айналған. Кейін қала біртіндеп ауаны ластайтын отын түрлерінен бас тартып, баламалы энергия көздеріне көше бастады. Бұл бағытта субсидиялау тетіктері де қолданылды, – деді сарапшы.
Оның пікірінше, Алматыда да көмір мен газға балама технологияларды дамыту қажет. Соның бірі – жылу сорғылары. Бұл құрылғылар отынды тікелей жақпай-ақ, қоршаған ортадағы жылуды пайдаланып, ғимараттарды жылытуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ эколог смогпен күресте жасанды интеллект пен машиналық оқыту технологияларын пайдалануды ұсынады. Мәселен, ауа сапасы мен метеорологиялық деректерді талдау арқылы ластану деңгейі күрт артатын күндерді алдын ала болжауға болады.
- Температуралық инверсия байқалуы ықтимал күндерді алдын ала анықтап, сол кезеңде кәсіпорындарға қатты отын жағуды шектеу немесе шығарындылар көлемін азайту туралы талап қоюға болады. Жасанды интеллект пен машиналық оқыту технологиялары осындай болжам жасауға көмектеседі, – деп түйіндеді ол.
Қала билігі қою түтінмен қалай күресіп жатыр?
Сарапшы ұсынған шаралардың басым бөлігін қала билігі қолға алған.
Алматыдағы ЖЭО-2-ні көмірден табиғи газға көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. ЖЭО-3-ті жаңғыртып, газбен жұмыс істейтін бу-газ қондырғысын іске қосу жоспарланған.
- ЖЭО-2 жаңғыртылғаннан кейін шығарындылар жылына 37 мың тоннадан 2,7 мың тоннаға дейін, ал ЖЭО-3-те 13,9 мың тоннадан 1,6 мың тоннаға дейін азаюы мүмкін, - делінген хабарламада.
Сонымен қатар автобустарға арналған арнайы жолақтар көбейтіліп, шығарындылары аз аймақты (LEZ) енгізу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның мақсаты – көліктерге қойылатын экологиялық талаптарды сынақтан өткізу.
Әкімдік кәсіпорындар мен шағын бизнес нысандарының шығарындыларын бақылауды да күшейтпек. Ауа сапасын бақылау станцияларын көбейту және 2026–2028 жылдары жыл сайын кемінде 320 мың ағаш отырғызу жоспарланған.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы қою түтіннің аллергияға әсері және қалай сақтану керегі туралы жазғанбыз.