Алматы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, қалада ашық арық желісін сақтау, қалпына келтіру және кеңейту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Биыл бұл жұмыстар қаланың орталық, шығыс және батыс бөліктерін қамтыған. Атап айтқанда, орталық бөлікте 76,6 шақырым, шығыста 30,7 шақырым, ал батыста 37 шақырым арық желісін салу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген.
Әкімдік өкілдері қаланың 2040 жылға дейінгі түзетілген Бас жоспарында ашық арықтарды сақтауға ерекше мән берілгенін атап өтті. Құжатқа сәйкес, арықтарды құбырларға ауыстыруға тыйым салынады. Ашық арық салуға техникалық мүмкіндік жоқ кейбір учаскелерде ғана құбыр пайдалануға рұқсат етіледі.
- Алматыда арық желісін қысқарту емес, керісінше кеңейту көзделіп отыр. 2030 жылға дейін кемінде 100 шақырым арық қалпына келтіріліп, Әл-Фараби және Абай даңғылдарының бойында жаңа магистральдық арналар салынады. Ал 2040 жылға қарай ашық су бұру желісінің ұзындығын қазіргі 290 шақырымнан 483 шақырымға дейін жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар ұзындығы 357 шақырым болатын жабық нөсер кәрізі салынады. Бұл жүйе қолданыстағы арықтарды алмастырмайды, керісінше олардың жұмысын толықтырады, – деп хабарлады әкімдіктен.
Еске салайық, Үкімет Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі даму бағыттарын айқындайтын жаңа Бас жоспарын бекітті.
Бұған дейін алматылықтар жауын-шашын салдарынан су басқан көшелерге шағымданған болатын. Тұрғындар жолдарда су жиналуына арықтардың беті жабылуы әсер етуі мүмкін екенін айтқан болатын.
Одан бұрын Алматыда тұрғындардың бірі тобы көшедегі арықтардың бетін жабуға қарсы болып, қарсы петиция жарияланғанын жазғанбыз.