Мегаполистің шығысы мен батысын байланыстыратын Райымбек даңғылында қоғамдық көлікке басымдық беретін BRT желісінің құрылысы 2025 жылдың сәуір айында басталды. Бастапқы жоспар бойынша көшенің 17 шақырымында арнайы қоғамдық көлік жолы салынуы тиіс болған.
Бұл желіні Тимирязев көшесінде жұмыс істеп тұрған BRT желісімен Желтоқсан көшесі арқылы байланыстыру жоспарланды. Шарт бойынша жұмыстарға бюджеттен 39,9 млрд теңге қарастырылды. Жобаға екі мердігер бекітілді — «Казахдорстрой» ЖШС және «Прогресс KZ» ЖШС.
Алайда Желтоқсан көшесіндегі BRT құрылысы уақытылы аяқталды да, ал Райымбек даңғылындағы жоба тоқтап қалды.
Бірнеше ай бұрын қала билігі жобаның бастапқы тұжырымдамасын өзгерту мүмкіндігін қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Тіпті Емцов пен Өтеген батыр көшелерінің аралығындағы арнайы жолақтың дайын бөлігі бұзылуы мүмкін екені айтылды. Осы орайда, Kazinform агенттігі Алматы әкімдігіне жүгініп, BRT жобасы бойынша қандай шешім қабылданғанын сұрады.
Алматы қаласы Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта Райымбек даңғылының бойындағы BRT жобасы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 37%-ға орындалған. Бірақ алдағы уақытта оны жалғастыру жоспарланып отырған жоқ.
— Райымбек даңғылы бойындағы BRT жобасы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары Almaty SkyTrain жобасын іске асыруға байланысты уақытша тоқтатыла тұрады. SkyTrain жобасы монорельсті көлік жүйесін дамытуды қарастырады, — деп хабарлады басқармадан.
Ведомство бүгінде салынып қойған BRT учаскелері бұзылатынын не бұзылмайтынын нақтылаған жоқ. Алайда өз жауабында SkyTrain жобасы жүзеге асырылған соң, ол BRT желілерімен интеграцияланатын атап өтті. Бұл қаланың бірыңғай мультимодельді көлік желісін қалыптастыруға мүмкіндік бермек.
— Райымбек даңғылы Алматы қаласының шығыс және батыс аудандары арасындағы байланысты қамтамасыз ететін негізгі магистраль болғандықтан, қоғамдық көлік жүйесін дамыту үшін маңызды көлік дәлізі болып қала береді, — делінген басқарма жауабында.
Еске салайық, Skytrain — бұл эстакадалар арқылы жерден биікте жүретін монорельсті пойыз. Мұндай қоғамдық көлік бүгінде Ванкуверде (Канада) қолданылады. Ол — толықтай автоматтандырылған, жүргізушісіз басқарылатын аспалы метро.
Алматының бас жоспарына енгізіліп жатқан өзгерістер бойынша бұл көлік Райымбек даңғылы, Саин көшесі, Әл-Фараби даңғылы және Шығыс автомобиль айналма жолымен жүруі тиіс. Skytrain-нің нақты жобасы алдағы уақытта белгілі болады.
Сондай-ақ Алматыда метро желісі үш бағытта дамымақ. Біз олардың әрқайсысы қандай сатыда тұрғанын жазғанбыз.