Алматыда 45 мың орындық жаңа стадион салынады: жоба қай кезеңде

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда алдағы жылдары 45 мың көрерменді бір мезетте қабылдай алатын жаңа футбол стадионы бой көтермек. 2026 жылдың ақпан айының басындағы жағдай бойынша жоба әзірлік кезеңінде тұр. 

Фото: Алматы әкімдігі

Алматы құрылыс басқармасы Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында қазіргі уақытта нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатқанын хабарлады.

Басқарма мәліметінше, стадион құрылысына Медеу ауданындағы Құлжа тасжолы бойынан жер телімі бөлінген. Спорт нысаны халықаралық талаптарға тегіс сай болады.

— Стадион UEFA-ның IV санат талаптарына сәйкес салынады. Жоба аясында табиғи шөп төсеніші бар футбол алаңы қарастырылған. Сондай-ақ мыңнан астам автокөлікке арналған тұрақ та қарастырылған. Жобалық-сметалық құжаттама халықаралық стандарттар мен Қазақстан Республикасының құрылыс нормаларына сәйкес әзірленіп жатыр, — деді Алматы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Диас Заманбеков.

Жанкүйерлердің негізгі сұрағы — «Жаңа стадион қашан пайдалануға беріледі?» Бұл күн де алыс емес.

— Құрылыс-монтаж жұмыстары 2027 жылдың IV тоқсанында аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал нысанның нақты құны жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін белгілі болады, — деп мәлімдеді Диас Заманбеков.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда UEFA-ның IV санат талаптарына сай келетін жаңа стадионның сыйымдылығын 35 мың орыннан 45 мыңға көбейту мәселесі қарастырылып жатқанын жазғанбыз.