Алматыда әрбір жетінші көліктің зиянды шығарындылары нормадан асқан

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда автокөліктерден бөлінетін зиянды шығарындыларды азайтуға және ауа сапасын жақсартуға бағытталған Low Emission Zone (LEZ) жобасын енгізу бойынша пилоттық жұмыс жалғасып жатыр.

Фото: Алматы әкімдігі

Қыркүйек айындағы мониторинг бойынша бақылау бекеттерінде 6833 автокөлік тексерілді. Оның 922-сінде (13,5%) зиянды шығарындылар деңгейі белгіленген нормадан асқаны анықталды.

Жанармай жүйесін реттегеннен кейін 561 автокөлік қайта өлшеуден сәтті өтті. Бұл уақытылы техникалық қызмет көрсету мен автокөлік жүйелерін дұрыс реттеу зиянды шығарындылар көлемін азайтуға ықпал ететінін көрсетеді.

- Мамандардың мәліметінше, Алматыдағы ауа ластануының шамамен 70%-ы автокөліктерден шығатын зиянды заттарға байланысты. Осыған орай көлік шығарындыларын бақылау және жүргізушілердің экологиялық жауапкершілігін арттыру қаладағы ауа сапасын жақсартудың негізгі бағыттарының бірі саналады, - деп мәлімдеді әкімдік.

Қазіргі кезеңде жоба пилоттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Жиналған деректер алдағы талдау жұмыстары мен тиісті шешімдер әзірлеу үшін пайдаланылады. Жоба аясында қалаға кіруге шектеу енгізу, айыппұл салу немесе жол жүру ақысын алу көзделмеген. Пилоттық жоба биылдың соңына дейін жалғасады.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда LEZ аймағының шектеулері мен жұмыс тәртібі түсіндірілді.

Сондай-ақ LEZ жобасы аясында жол белгілері орнатылған еді