Алматыда ATP 250 турнирінің жеңімпаздары анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда ерлер арасында ATP 250 турнирі мәресіне жетті.

Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Соңғы бәсекеде әлемнің бесінші, осы жарыстың 1-ракеткасы, ресейлік Даниил Медведев пен рейтингіде 128-орындағы грузиялық Николоз Басилашвилимен чемпиондық атақты сарапқа салды.

Тартысты өткен бірінші партияда тай-брейкте грузиялық спортшының мерейі үстем болды — 7:6 (8:6).

Екіншісінде Медведев артығымен есе қайырды — 6:1.

Үшінші, шешуші сетте ресейлік теннисші 3:1 есебімен алға кетті. Ақыры матчты тағы бір брейкпен түйіндеді — 6:3.

Осылайша, Даниил Медведев Алматыда мықтылығын дәлелдеп, екінші жыл қатарынан чемпион атанды. 

Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Александр Бублик жартылай финалда дәл осы Медведевке жол берді. 

Жұптық сында үндістандық Юки Бхамбри мен америкалық Райан Сеггерманның бағы жанды.

Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Финалда үндістандық-америкалық жұп доданың 1-ракеталары, аустриялықтар Лукас Мидлер — Нил Оберлайтнерден айласын асырды — 7:6 (7:3), 6:7 (1:7), 10:2.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Токиода негізгі турнирге жолдама алғанын жазған едік.

Сондай-ақ Елена Рыбакина Қытайдағы турнирдің екі дүркін чемпионы атанды.