Елена Рыбакина Қытайдағы турнирдің екі дүркін чемпионы атанды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның және әлемнің 1-ракеткасы Елена Рыбакина Нинбо (Қытай) WTA 500 турнирінде топ жарды.
Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 30-ракеткасы, канадалық Лейла Фернандеспен бас жүлдені сарапқа салды.
Қарсыластар осыған дейін өзара бес рет кездесіп, соның үшеуінде Рыбакина басым түскен еді.
Бұл жолы бірінші сетте Елена брейк жасап, 4:2 есебімен алға шықты. Содан кейін тағы бір брейкке қол жеткізіп, өз геймін алды — 6:2.
Екінші партияны да Елена брейкпен бастады — 3:1. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді — 6:2.
Бір сағат минутқа 15 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 3 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Фернандес 2 эйс жасағанымен, 4 брейк-пойнтты пайдалана алмады.
Қазақстандық теннисші матч бойы өзінің үздік өнерін көрсете білді.
Осылайша, Елена Рыбакина Нинбо турнирінің екі дүркін чемпионы атанды.
Қазақстандық спортшы Нинбода былтыр да топ жарған еді.
Рыбакина алдағы аптада Токио WTA 500 додасында бақ сынайды. Онда ол былтыр жартылай финалға дейін жеткен еді. Биыл сондағы рейтингілік ұпайын қорғауға тиіс.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қытайдағы Нинбо турнирінде Елена Рыбакинаның екінші жыл қатарынан финалға шыққанын жазған едік.
Ал Юлия Путинцева Токиода негізгі турнирге жолдама алды.