Алматыда басқармалардың экс-басшыларына екінші рет сот үкімі шықты

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласы Жоспарлау және урбанистика басқармасының бұрынғы басшысы Алмасхан Ахмеджанов және Жер қатынастары басқармасының экс-басшысы Ардақ Самамбетов, сондай-ақ өзге де тұлғаларға қатысты сот үкімі шықты.

Фото: Kazinform

Сот айыпталушылар орындығында отырған алты адамға қатысты үкімін жариялады. Алматы қаласы Жоспарлау және урбанистика басқармасының бұрынғы басшысы Алмасхан Ахмеджанов 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Ахмеджанов мына баптар бойынша кінәлі деп танылды:

* ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы, 28-бабының 5-бөлігі — аса ірі мөлшердегі алаяқтыққа сыбайлас болу;

* ҚР ҚК 361-бабының 1-бөлігі — лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану;

* ҚР ҚК 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы — ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану.

Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасының экс-басшысы Ардақ Самамбетовке жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Оған 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Самамбетов мына баптар бойынша кінәлі деп танылды:

* ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы, 28-бабының 5-бөлігі — аса ірі мөлшердегі алаяқтыққа сыбайлас болу;

* ҚР ҚК 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы — ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану.

Жер орналастыру бөлімінің бұрынғы басшысы Ерлан Жармұханбетов 13 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Ол мына баптар бойынша кінәлі деп танылды:

* ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы, 24-бабының 3-бөлігі — аса ірі мөлшердегі алаяқтыққа оқталу;

* ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы — аса ірі мөлшердегі алаяқтық;

* ҚР ҚК 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы, 28-бабының 5-бөлігі — лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалануға сыбайлас болу;

* ҚР ҚК 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы — ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану;

* ҚР ҚК 366-бабының 4-бөлігі, 24-бабының 3-бөлігі — аса ірі мөлшерде пара алуға оқталу.

Бағалау компаниясының экс-директоры Алмазхан Бақыров кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бақыров мына баптар бойынша кінәлі деп танылды:

* ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы, 24-бабының 3-бөлігі — аса ірі мөлшердегі алаяқтыққа оқталу;

* ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы — аса ірі мөлшердегі алаяқтық;

* ҚР ҚК 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы, 28-бабының 5-бөлігі — лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалануға сыбайлас болу;

* ҚР ҚК 366-бабының 4-бөлігі, 24-бабының 3-бөлігі, 28-бабының 5-бөлігі — аса ірі мөлшерде пара алуға оқталуға сыбайлас болу.

Кәсіпкерлер Мұханбеталы Шалқарбеков пен Берік Өскембаев ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы — «аса ірі мөлшердегі алаяқтық» бабы бойынша кінәлі деп танылды. Сот олардың әрқайсысына 5 жылдан шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орайластырылған рақымшылықты қолдануға байланысты әрқайсысына тағайындалған мерзім бірден беске қысқартылды. Түпкілікті түрде олардың әрқайсысына жазаның бүкіл мерзіміне пробациялық бақылау белгілей отырып, 4 жылдан шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы жүктелді.

Істі Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бақытхан Бәкірбаев қарады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін қайтадан өтіп жатқан сотта басқарманың экс-басшысы соңғы сөзін айтқанын жазғанбыз.

Еске салайық, Алмасхан Ахмеджанов 2023 жылдың жазында ұсталған болатын. Ол Алматыда жер телімдерін беру және құрылыс нысандарын келісу кезінде өкілеттігін асыра пайдаланды деп күдікке ілінді.

2025 жылдың ақпанында бұл іс бойынша барлық алты адамға қатысты сот үкімі шыққан болатын. Алмасхан Ахмеджанов 11 жылға, Ардақ Самамбетов 10 жылға, Ерлан Жармұханбетов 14 жылға, Алмазхан Бақиров 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал кәсіпкерлер Мұханбетәлі Шалқарбеков пен Берік Өскембаевқа бес жылдан шартты жаза тағайындалды.

Алайда 2026 жылдың ақпанында Алматы қалалық соты бұл үкімнің күшін жойды. Кейіннен қылмыстық-процестік заңнаманың бұзылуын жою үшін қылмыстық іс прокурорға қайтарылып, содан кейін қайта сотқа берілді.

Іс Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 2026 жылдың сәуір айында қайта қарала бастады.