Алматыда биыл қанша шақырым веложол салынады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Биыл Алматыда 20 шақырымға жуық веложол салу жоспарда бар.
Қалалық мобилділік басқармасының хабарлауынша, 2024 жылы Саин — Мөңке би жолайрығын салу аясында 2,4 шақырым веложол жабдықталды.
– Биыл Абай даңғылын қала шекарасына дейін және Саин көшесін Рысқұлов даңғылынан Мөңке би көшесіне дейін ұзарту аясында 7,2 км веложол салынады. Сондай-ақ, Райымбек батыр даңғылы бойынша BRT желісін салу аясында шамамен 15 шақырымды жабдықтау жоспарда. Жалпы, велоинфрақұрылымды жүйелі дамыту 2030 жылға дейінгі Көлік қаңқасының мастер-жоспарында көзделген, — деп атап өтті басқармадан.
Алматы қаласында 89 шақырым велоинфрақұрылым бар. Оның ішінде: веложолақтар — 25 км, веложолдар — 63,8 км.
Одан бөлек қала бойынша вело-секциясы бар 73 бағдаршам және велосипедшілерге арналған 1025 жол белгісі бар.
Осыған дейін Алматы қаласы бойынша Велоспорт федерациясының президенті Бахтияр Мамыров мегаполисте веложолдарды көбейту қажет екенін айтқан болатын.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда осы жылы жол инфрақұрылымына байланысты қандай жобалар басталатынын жазғанбыз.