Алматыда хостелдегі өрт бойынша сотталғандар апелляциялық шағым түсірді

Фото: Александр Павский/ Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 13 адамның өмірін қиған қайғылы ісі бойынша айыпталғандар апелляциялық шағым түсірген. 

– Аталған қылмыстық іс бойынша адвокаттар мен айыпталушылардан сот үкіміне қатысты апелляциялық шағымдар түсті. Қазіргі уақытта іс апелляциялық инстанцияға әлі келіп түскен жоқ, - деп жауап берді Алматы қалалық соты агенттік сауалына.

Еске салайық, бұл іс сотта Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша қаралды. Сот отырысының қорытындысы бойынша ALA Hostel директоры Әділбек Мұхамедьяров 5 жылға бас бостандығынан айырылды, Александр Пекельник 4 жылға сотталды. 

2023 жылдың 30 қарашасында Әди Шәріпов, 86 мекенжайы бойынша «Almaty Hostel» хостелі өртенген болатын. 

Төтенше жағдай департаментіне өрт туралы хабарлама 05:33-те түскен. Өрт салдарынан хостелде 13 адам қайтыс болды

Мерт болған 13 адамның төртеуі – шетелдіктер (Ресей Федерациясының 2 азаматы және Өзбекстанның 2 азаматы), қалған тоғызы – Қазақстан Республикасының азаматтары. 

Кейінірек өртенген хостелдің иесі белгілі болды. Хостел ғимараты Halyk Bank-ке тиесілі. Оны жалға алған – «ALA Hostel» ЖШС. Жалдау туралы келісімшарт 2023 жылы 21 қыркүйекте жасалған. 

2023 жылдың желтоқсан айында хостелдің басшысы ұсталды.