Алматыда 13 адам қаза тапқан хостелдің басшысы ұсталды
30 қарашадағы «Алматы Хостел» ғимаратындағы өрт оқиғасына байланысты ҚР ҚК-нің 292-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, деп хабарлайды Kazinform.
«Бас Прокурордың тапсырмасына сәйкес қылмыстық іс арнайы прокурордың іс жүргізу өндірісіне қабылданды. Құқық қорғау органдарының тәжірибелі қызметкерлерінен құралған ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Өрттің шығу себебі мен алғышарттарын анықтау мақсатында оқиға орнына қарап-тексеру жүргізіліп, сараптамалар тағайындалып, өзге де жедел-тергеу іс шаралары ұйымдастырылып жатыр. Сол күні осы қылмысты жасады деген күдікпен хостелді жалға алушы А.Мухамедъяров прокурорлармен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына оқшауландырылды», - делінген ҚР Бас прокуратурасының хабарламасында.
Тергеу аясында хостелдің қызмет көрсетуіне қатысы болған барлық тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі. Қылмыстық іс тергеуі Бас Прокурордың бақылауында болады.
Еске салайық, 30 қараша күні Алматыда хостел өртеніп, 13 адам қаза тапты.
Өрттен зардап шеккен адамдар қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізілді. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, науқастың біріне көмірқышқыл газынан улану диагнозы қойылды.
Өрт шыққан «Almaty Hostel» Halyk Bank меншігіндегі ғимаратта орналасқаны белгілі болды.
Қазақ тапқандардың тоғызы — қазақстандық, қалғаны шетелдіктер екені анықталды.
Кейін хостелде тұрып жатқан студенттер өрт басталған кезде ғимараттан қалай шыққанын айтып берді.
Сондай-ақ хостелдың иесі – «КУСА Халык» ЖШС. Оны жалға алған – «ALA Hostel» ЖШС. Жалдау туралы келісімшарт биыл 21 қыркүйекте жасалғаны анықталды.