Хостел ғимараты Halyk Bank-ке тиесілі – әкімдік

хостел
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігі таратқан мәліметке сәйкес, Әди Шәріпов көшесіндегі «Almaty Hostel» Halyk Bank меншігіндегі ғимаратта орналасқан, деп хабарлайды Kazinform.

«Хостел бір жарым ай бұрын ашылған, ғимарат Halyk Bank-ке тиесілі. Банк оны кепілмүлік ретінде жалға берген. Қызыл жалын 30 шаршы метрді шарпыған. Бұл хостел Алматы қаласының жоғары оқу орындарымен студенттерді орналастыру үшін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған жоқ», - деп хабарлады әкімдіктен.

Оқиға орнына Алматы әкімі Ерболат Досаев келді. Сондай-ақ Астанадан Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов ұшып шыққаны белгілі болды. 

Еске салайық, бүгін таңертең Алматыда болған өрт салдарынан 13 адам көз жұмды, екеуі ауруханаға жеткізілді. 59 адам шұғыл эвакуацияланды. 56-сы жақын маңдағы мектепке уақытша орналастырылды. Мұндағы тұрғындардың дені — шет мемлекеттердің азаматтары. Олар — студенттер мен жалдамалы жұмысшылар.  

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың өкімімен Алматы қаласындағы хостелде болған өрттің себебін тексеру және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.

2Gis электронды анықтамалық сервисіне орналастырылған мәліметке сүйенсек, хостелде тұру бір орынға 2000 теңгеден басталады, орындар саны — 100-ге дейін.

Соңғы жаңалықтар