e-Qazyna порталында жарияланған ақпаратқа сәйкес, қонақүй кешені қаланың Алмалы ауданындағы Досмұхамедов көшесі, 115 мекенжайында орналасқан. Ғимараттың жалпы ауданы – 16 196,4 шаршы метр. Ол 0,2581 гектар жер учаскесінде орналасқан.
Нысанның бастапқы бағасы - 38,278 миллиард теңге. Кепілдік жарнасы – 1,914 миллиард теңге. Ал сауда барысында нысан бағасы ең көп дегенде 8,932 млрд теңгеге дейін түседі.
Аукцион 29 қазан сағат 10:00-де басталады. Өтінімдерді қабылдау сауда басталуына бес минут қалғанда аяқталады.
Сатушы – Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті.
Жарияланған мәліметтерге сәйкес, қонақүй кешенінің бағалау құны 12,759 миллиард теңге, ал баланстық құны шамамен 4,781 миллиард теңге.
Қонақүй сатылған кезде оған тиесілі жер учаскесі автоматты түрде сатылмайды. Жердің құны қонақүйдің бағасына қосылмаған. Алайда Жер кодексіне сәйкес, сатып алушыға жерді пайдалану құқығы беріледі.
Сондай-ақ нысан бағасына жиһаз бен өзге де жылжымалы мүлік кірмейді. Сатып алушыға тауар белгілері, фирмалық атау, коммерциялық белгі, зияткерлік меншік объектілерін пайдалану құқығы және франчайзинг шарты бойынша құқықтар берілмейді.
Портал мәліметінше, нысанға қатысты шектеулер мен тыйымдар жоқ. Сонымен бірге «Су желісі» коммуналдық кәсіпорнының пайдасына жер учаскесіне сервитут белгіленген.
Еске салсақ, Қайрат Сатыбалдыдан тәркіленген Kaisar Plaza екінші рет аукционға қойылған еді.
Сондай-ақ Алматыда Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған қонақүй IT-хабқа айналатыны хабарланды.