Алматыда LRT құрылысы қай сатыда тұр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда бірінші LRT желісінің құрылысына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Фото: Видеодан алынған скрин

Алматы қаласының Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы аталған жұмыстардың қалай жүріп жатқанын көрсетті. Ведомство мәліметінше, ұзындығы 18,3 шақырым болатын учаскеде инженерелік желілерді көшіру, оның ішінде қайта орналастыру және қорғау жұмыстары атқарылып жатыр. Атап айтқанда: су құбыры, кәріз жүйесі, байланыс желілері, жоғары кернеулі электр желілері және газ құбырларын қайта орналастыру жұмыстары бар.

Сонымен қатар қазір көпір құрылымдарын және жерасты жаяу жүргіншілер өткелдерін күшейту жұмыстары жүріп жатыр.

- Алматыда LRT жобасын іске асыру жұмыстары жалғасып жатыр. Жаңа желінің құрылысы кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Жоба қаланың заманауи көлік жүйесінің маңызды бөлігіне айналып, тұрғындардың қатынау қолайлылығын арттыруға және жол-көлік желісіне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске салайық, 2026 жылдың басында Алматыдағы LRT жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді.

Биыл сәуір айында Алматыда бұрынғы трамвай рельстері алынып, LRT құрылысына дайындық басталды.

Шілде айында Алматыда LRT құрылысына дайындықтың жаңа кезеңі басталғаны хабарланды.

Бұған дейін Алматыда LRT желісін кім салатынын және қанша қаражат бөлінгенін жазғанбыз.