Алматыда LRT құрылысының қарқыны қалай - әкімдіктен жауап берді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда өткен мәслихат сессиясында LRT құрылысы туралы айтылды.

Фото: видеодан алынған скрин

Депутаттар жеңіл рельсті көлік салынып жатқан кей учаскелерде құрылыс қарқыны төмен екенін айтып, қазіргі атқарылып жатқан жұмыстар туралы сұрады. Оған Алматы қаласы жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы Олжас Шабданов жауап берді.

- Бүгін ұзындығы 18,3 км болатын LRT бірінші желісінің құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізіліп жатыр. Осы жоба аясында учаскеде 80-ге жуық жұмысшы мен 50-ден астам арнайы құрылыс техникасы жұмылдырылған, - деді ол.

Олжас Шабданов жоба аясында инженерлік желілерді көшіру, соның ішінде 282 инженерлік желі өткелін ауыстыру қарастырылғанын атап өтті. Оның сөзінше, қазірге дейін 90 өткел бойынша жұмыстар толық аяқталған. Жалпы инженерлік желілерді көшіру жұмыстарын биыл қараша айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

- Сонымен қатар Момышұлы көшесінде шпалдарды төсеу арқылы жолдың үстіңгі құрылысын салу жұмыстарына кірістік. Қазіргі уақытта 1600-ге жуық темірбетон шпал төселіп, 600 метр рельс орнатылды. Ал Төле би көшесі бойындағы жұмыстар инженерлік желілерді қарашаның соңына дейін бітіруді көздеп отырмыз. Ал жобаны келесі жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланған, - деді ол.

Сондай-ақ ведомство басшысы LRT желісі болашақта қалай ұзартылатынын түсіндірді. Айтуынша, салынып жатқан желі батыс бағытта Төле би көшесінің бойымен «Барлық» базарына дейін ұзартылады. Ал шығыс бөлігінде желі жаңадан салынып жатқан стадионға дейін жеткізіледі.

LRT бірінші желісінің бірінші кезеңі Алатау ауданындағы индустриялық аймақта, Мөңке би және Момышұлы көшелерінің маңында орналасатын деподан басталады. Желі Момышұлы көшесімен Төле би көшесіне, одан әрі шығыс бағытта Абылай хан даңғылына жалғасады. «Алматы-2» теміржол вокзалы жанында соңғы станция ретінде «Райымбек батыр» көлік-ауысу торабы қарастырылған.

Еске салайық, 2026 жылдың басында Алматыдағы LRT жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді.

Биыл сәуір айында Алматыда бұрынғы трамвай рельстері алынып, LRT құрылысына дайындық басталды.