Алматыда мәслихат сайлауына 201 кандидат тіркелді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Елімізде мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2026 жылғы 29 қарашада өтеді.

Фото: Kazinform

Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясының (АСК) мәліметінше, мегаполисте сайлау науқаны негізгі іс-шаралардың бекітілген күнтізбелік жоспарына сәйкес жүргізіліп жатыр. Бұған дейін сайлау округтерінің тізімі, олардың шекаралары, аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының орналасқан жері, сондай-ақ олардың құрамы туралы мәліметтер жарияланған. Тиісті ақпаратпен Алматы қаласы әкімдігінің ресми интернет-ресурсындағы «Сайлау» бөлімінде танысуға болады.

Бүгінде Алматыда бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша мәслихат депутаттығына 82 кандидат тіркелген. Ал 6 саяси партия құрамында 119 кандидат бар партиялық тізімді ұсынған.

— Олар 2026 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен тіркеуден өтті, — деп хабарлады АСК баспасөз қызметі.

Одан бөлек тұрғындарды алдағы сайлау туралы хабардар ету мақсатында қалада ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. АСК хабарлауынша, қала аумағында ақпараттық баннерлер орналастырылып, LED-экрандарда алдағы дауыс беру туралы ақпарат қамтылған тақырыптық бейнероликтер көрсетіліп келеді.

Алматыда сайлауалды үгіт-насихатқа қатысу үшін тең жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында кандидаттар мен саяси партиялар пайдалана алатын орындар мен үй-жайлар да айқындалған:

  • Кандидаттардың сайлаушылармен кездесулерін шарттық негізде өткізу үшін 141 үй-жай қарастырылған;
  • Барлық кандидаттардың үгіт-насихат баспа материалдарын орналастыру үшін 476 орын белгіленген.

— Сайлаушылармен кездесулер өткізуге арналған үй-жайлар беру және үгіт-насихат материалдарын орналастыру орындарын айқындау сайлауалды үгіт-насихаттың қолжетімділігін қамтамасыз етуге және қала тұрғындарын кандидаттар туралы хабардар етуге бағытталған, — деп мәлімдеді Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясынан.

Сонымнен қатар сайлауалды үгіт-насихат кандидаттар мен партиялық тізімді тіркеу аяқталғаннан кейін, яғни 2026 жылғы 1 қарашада сағат 18:00–де басталатыны атап өтілді. Үгіт-насихат жұмыстары 2026 жылғы 28 қарашада сағат 00:00–де аяқталады.

Еске салайық, ел бойынша мәслихат сайлауында 12 миллионнан астам қазақстандық дауыс бере алады.

29 қарашада өтетін мәслихат сайлауын ұйымдастыруға және өткізуге 35,8 млрд теңге қарастырылады. Бұл туралы ОСК мүшесі Михаил Бортник мәлімдеді.