Алматыда өртенген спорт мектебінің ғимараты толықтай қалпына келтіріледі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда өрттен зақымданған №2 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің манежіне қатысты шешім қабылданды.

Фото: Видеодан алынған скрин

Алматы қаласы спорт басқармасының басшысы Дархан аталған мектептің ұжымымен кездесу өткізіп, онда бірнеше мәселеге байланысты пікір білдірді. Кездесу барысында ол жеңіл атлетика манежі орнына тұрғын үй кешені салынады деген желідегі алып-қашпа шындыққа сәйкес келмейтінін айтты.

Ведомство басшысының айтуынша, өрт шыққан жеңіл атлетика манежі толықтай қалпына келтіріледі. Жұмыс басталар алдында мамандар техникалық тексеру жүргізеді. Оның қорытындысына қарай қажетті шара, жұмыстың орындалу мерзімі мен қаржыландыру көлемі айқындалады.

Ал онда жаттығып келген 352 спортшы уақытша қаланың басқа спорт нысандарына ауыстырылады және олардың жаттығу кестесі үзілмейді. Қазір спортшылардың жаттығуын тоқтатпау үшін оларды қаладағы бірнеше спорт мекемесіне орналастыру туралы шешім қабылданған.

110 спортшы Республикалық спорт колледжінде, 70 спортшы Олимпиадалық даярлық базасында, тағы 60 спортшы Спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде жаттығады. Қалған 112 спортшының дайындығы Спорт басқармасына қарасты дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінде жалғасады.

- Балалардың жаңа жаттығу орындарына барып-қайтуы үшін арнайы автобустар қарастырылады. Мектеп басшылығы мен жаттықтырушылар ата-аналарға өзгертілген кесте, жаттығу мекенжайлары және тасымалдау тәртібі жөнінде ақпарат беріп жатыр, - деп хабарлады басқармадан.

Алдын ала деректер бойынша өрт салдарынан манеждің шамамен 1 100 шаршы метр аумағы зақымданған. Қазір бүлінген мүлік түгенделіп жатыр. Ал материалдық шығынның нақты көлемі арнайы комиссияның бағалауынан кейін белгілі болады.

Еске салайық, 15 қараша күні Алмалы ауданында ірі нысанда өрт шықты. Кейін өрт болған ғимарат Брусиловский көшесі, 134а мекенжайында орналасқан № 2 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жеңіл атлетика манежі екені белгілі болды. Өрт сөндірушілердің күшімен жалын сағат 10:25-те толық өшірілді.

Кейін Спорт мектебіндегі өртке байланысты Алматы қаласының спорт басқармасы мәлімдеме жасады.