Алматыда Париж Олимпиадасының жүлдегерлеріне пәтер кілті табысталды

Фото: Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов Париждегі жазғы Олимпиада ойындарында медаль жеңіп алған спортшыларға пәтер кілттерін табыс етті. 

Бес спортшы жаңа пәтер иесі атанды. Спорттық гимнастикадан Олимпиаданың күміс жүлдегері Нариман Құрбанов екі бөлмелі пәтер алды.
Қола жүлдегерлер – бокстан спортшы Назым Қызайбай мен атқыш Ислам Сәтбаевқа бір бөлмелі пәтер берілді.
Қазір қола медаль иегерлері, дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев және пневматикалық мылтықтан ату спортшысы Александра Ле жаттығу жиындары мен халықаралық жарыстарға қатысып жатыр.
Сондықтан оларға баспана кілттері Алматыға оралғаннан соң беріледі.

– Сіздірдің жеңістеріңіз-көп жылғы қажырлы еңбектің нәтижесі және спортшылардың жаңа буыны үшін лайықты үлгі. Алматы жетістіктеріңізді жоғары бағалайды және жаңа жетістіктерге жету жолында үнемі қолдайтын болады, - деді Бейбіт Шаханов.

Еске салайық, былтыр 20 тамыз күні Алматы қаласының әкімдігінде Олимпиада жүлдегерлерімен салтанатты кездесу өтті. Іс-шара аясында спортшыларға ақшалай сертификаттар, автокөлік кілттері, сондай-ақ тұрғын үй алуға сертификаттар табыс етілген болатын. 

– Тұрғын үй беруге келетін болсақ, жүлдегерлерге берілген сертификат титулды спортшыларды пәтерлермен қамтамасыз ету тетігінің бірінші кезеңі.Сертификаттар тапсырылғаннан кейін тұрғын үй сатып алу рәсімі іске қосылды. Бұл процесс жеке бюджетті қалыптастыруды және конкурс жариялаудан бастап шарттар жасасуға дейінгі барлық қажетті мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізуді қамтиды. Бұл процедуралар заңнамамен қатаң реттеледі және белгілі бір уақытты қажет етеді.2025 жылдың 9 қаңтарында барлық заңды және сатып алу процедуралары аяқталды. Спортшылардың жайлы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшін пәтерлерде әрлеу жұмыстары жүргізілді. Спорт басқармасының қызметкерлері осы уақыт ішінде әр жүлдегермен байланыста болды және кілттерді тапсыру күні әрқайсысымен келісілді, - деп атап өтті әкімдіктен.

Айта кетейік, Назым Қызайбай Олимпиаданың қола жүлдесін жеңіп алған болатын. 

Олимпиаданың қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаевтың аға лейтенант болып барып, капитан болып қайтқаны туралы жазған едік.