Алматыда ҰҚК Шекара академиясының курсанты көз жұмды

Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Әлеуметтік желілерде ҰҚК Шекара академиясы курсантының қаза тапқаны туралы ақпарат тарады. Полиция осыған қатысты қылмыстық іс қозғады.

Белгілі болғандай, түнгі уақытта 19 жастағы жігіт Алматыдағы Достық даңғылындағы көпқабатты үйден секіріп кеткен. Бұл факті бойынша Медеу аудандық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады.

«Оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталып жатыр», - деп түсіндірді қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, қыркүйек айында Қазақстанда бірнеше қайғылы оқиға болды.

Мәселен, Ақтауда әскери бөлімдердің бірінің взвод командирі қатардағы Б.-ға қызметтік тапаншадан оқ атқан, ол қаза тапқан.

44 жастағы сержанттың мәйіті Құрлық әскерлері Әскери институтының аумағынан табылды.

Жуырда Аягөз гарнизоны әскери бөлімі офицерінің мәйіті қызметтен тыс уақытта тұрғылықты жеріндегі пәтерден табылды.

Петропавл қаласындағы үйлердің бірінің жертөлесінен жұмыстан тыс уақытта келісімшарт бойынша жұмыс істейтін әскери қызметшінің мәйіті табылды.