Алматыда жаңажылдық безендіруге қанша қаражат жұмсалады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Жаңа жыл мейрамын тойлауға дайындық басталды.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Қаладағы Абай алаңын безендіруге, жаңажылдық инсталляциялар орнатуға, мерекелік концерт өткізуге және қала көшелерін жарықтандыру арқылы әсемдеуге 512,3 млн теңгеден астам қаражат бағыттау жоспарланып отыр. Тиісті хабарландырулар мемлекеттік сатып алу порталында жарияланды.

Шығындардың негізгі бөлігі Абай алаңын безендіруге қарастырылған. Мәселен, Алматы мәдениет басқармасының «Алматы әуендері» КМҚК Жаңа жылға орай Абай алаңын безендіру бойынша жалпы сомасы 288,7 млн теңгелік төрт лот жариялады. Техникалық ерекшеліктерге сәйкес, алаңда биіктігі кемінде 13 метр болатын және үш қабатты, оның бір қабаты айналатын жаңажылдық шырша орнатылады. Оны құрып, орнатуға 74,9 млн теңге бөлінбек.

Одан бөлек 79,4 млн теңге 20 сауда үйшігі мен бірнеше шағын сәулет нысандарын орнатуға бағытталады. Олардың қатарында «2027» сандары бар жарықдиодты композиция, шабадан, ретротелефон, әуе шары және радиоқабылдағыш түріндегі фотоаймақтар бар.

Тақырыптық жаңажылдық инсталляцияларға, оның ішінде сыйлық, грамофон, телефон будкасы және тәттілер түріндегі композицияларға 64,9 млн теңге қарастырылған. Тағы 69,4 млн теңге Абай алаңы мен Республика сарайының маңындағы кемінде 100 ағашты жарықпен безендіріп, фонтандарды жабу және декоративті элементтер орнату үшін бөлінеді.

Сахнаны техникалық жабдықтауға және жаңажылдық концерттік бағдарламаны өткізуге тағы 138,9 млн теңге қарастырылған.

Оның техникалық ерекшеліктеріне сәйкес, 69,4 млн теңгелік бірінші лот сахнаны техникалық жабдықтауды қамтиды. Бұл тізімге дыбыс және жарық жабдықтары, сахна, алты жарық мұнарасы және үш күн бойы техникалық сүйемелдеу кіреді.

Екінші лотқа 69,4 млн теңге жұмсау жоспарланып отыр. Ол концерттік бағдарламаны ұйымдастыруды көздейді. Үш күннің әрқайсысында кемінде бес танымал эстрада әншісі, би және балалар шығармашылық ұжымдары өнер көрсетеді. Сондай-ақ Аяз Ата мен Ақшақардың қатысуымен жаңажылдық театрландырылған қойылым, қазақ және орыс тілдерінде жүргізушілердің жұмысы қарастырылған.

Бұдан басқа Алматы мәдениет басқармасы қала көшелерін жарықтандыру арқылы безендіруге байқау жариялады. 320 дана екі жақты жарықдиодты конструкцияны жасау және орналастыру үшін 84,8 млн теңге қарастырылған.

Осылайша, Алматыны жаңажылдық безендіру мен мерекелік шараларға жарияланған лоттардың жалпы сомасы әзірге 512 млн теңге көлемінде тұр. Бұл сома алдағы уақытта жаңа мемлекеттік сатып алу қызметтерімен толығып, өсуі де мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда қала күніне 3D шоу ұйымдастыруға 200 млн теңге жұмсалғанын жазғанбыз.