Алматыда жаңбырға байланысты арнайы техника мен жедел бригадалар дайындалды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жаңбыр жауып жатыр. Ал қаланың коммуналдық және жедел қызметі су басу қаупіне жедел әрекет ету үшін арнайы техника мен мамандарды дайындады.

Фото: Алматы әкімдігі

«Қазгидромет» болжамына сәйкес, жаңбыр түнгі сағат 02:00-ге дейін жалғасады. Жауын-шашын мөлшері 5 мм-ге дейін жетуі мүмкін. Күндіз желдің екпіні секундына 13 метрге дейін күшейеді. Ауа температурасы 17… 19 °С шамасында болады. Ертең күндіз жауын-шашын болмайды. Алайда 26 қараша күні түстен кейін жаңбыр қайта жаууы мүмкін.

Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, су басуы мүмкін жерлерде алдын алу және оның салдарын жою үшін 85 жедел бригада кезекшілікке қойылды. 1 579 жол қызметкері, 415 арнайы техника, 97 мотопомпа және құм салынған 5 мыңға жуық қап дайын тұр.

Сондай-ақ су жиналу қаупі бар учаскелерге ассенизаторлық көліктер мен су соруға арналған жабдықтары бар бригадалар орналастырылмақ.

- Алматы тұрғындары мен қонақтарына сапарын жоспарлау кезінде ауа райын ескеріп, жол мен тротуарда абай болу, су жиналуы мүмкін аумақтардан аулақ жүру ұсынылады. Жүргізушілер жаңбыр кезінде көлік жылдамдығын азайтып, қауіпсіз арақашықтықты сақтауы қажет, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске салайық, бұған дейін жауын-шашын кезінде Алматы көшелерін су басқан болатын. Қала тұрғындарын жағдайға наразылық білдірді.

Сондай-ақ толассыз жаңбырдан кейін қалада жөндеуден өткен жолдар зақымданды.