Алматыдағы сейсмикалық станциялар қалай жұмыс істеп тұр

Фото: Алматы қаласы ТЖД

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жер сілкіністері туралы автоматтандырылған ерте құлақтандыру жүйесі қалай жұмыс істейді? Kazinform тілшісі анықтап көрді.

Алматы қаласында 28 сейсмостанция орнату арқылы 2023 жылдан бастап автоматтандырылған ерте құлақтандыру жүйесі (АЕҚЖ) енгізілді. 2024 жылдың мамырынан бастап ол қала тұрғындарын жедел хабар жіберу мақсатында Cell Broadcast технологиясы бойынша жұмыс істейтін «Mass Alert» жедел хабарлау жүйесіне біріктірілді. Бұл жүйе SMS-хабарламаларға қарағанда халықты жылдам әрі тиімді ақпараттандыруға мүмкіндік береді.

Бекітілген талаптар бойынша жүйе 5 балл не одан жоғары жел сілкінісі кезінде автоматты түрде хабар таратуы қажет. Алайда 2025 жылдың 21 қыркүйек пен 23 қазан күндері алматылықтар жер дүмпуін сезінбесе де, Mass Alert жүйесінен шұғыл хабарландыру келді. 

Бұл жағдай екі рет қайталанған соң, ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев жүйеде ақау болуы мүмкін екенін айтып, оның жұмысын ретке келтірілетінін атап өтті. 

Ал кеше алматылықтар жер сілкінісін анық сезді. Жер дүмпуінің ошағы Алматыдан шығысқа қарай 74 шақырым жерде орналасты. Алайда бұл жолы ерте хабарлау жүйесі іске қосылмады

Осы орайда, Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментіне жүгініп, сейсмостанциялар мен ерте хабарлау жүйесі қаншалықты тиімді жұмыс істеп тұрғанын нақтыладық. Ресми сауалға жауап берген қалалық ТЖД бастығының орынбасары Данияр Жүсіпов барлық станциялар штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, енгізілген АЕҚЖ жер сілкінісін болжауға арналмаған. Оның жұмыс қағидаты мен алгоритмі Алматы қаласының айналасындағы жер қыртысының тербелістерін тіркеуге, GSM мен спутниктік байланыс арқылы қалаға бағытталған сейсмикалық толқын туралы сигналды жедел түрде жеткізуге негізделген. 

– Яғни, толқынның жету жылдамдығынан бірнеше секунд бұрын хабар береді. Қала тұрғындарын шұғыл хабардар ету мақсатында АЕҚЖ «Mass Alert» жедел хабарлау жүйесіне біріктірілген, - деді ол.

Данияр Жүсіпов былтыр 21 қыркүйек пен 23 қазанда болған оқиғалардан кейін жүргізілген жан-жақты талдау және АЕҚЖ жүйесінің жұмыс істеуінің дұрыстығын бағалау нәтижесінде «Mass Alert» арқылы хабарламаны іске қосу департаменттің жедел кезекшісіне тапсырылғанын айтты. Хабар жіберу қазір адам қолымен жүзеге асырылады.

– Ұқсас жүйелерді қолданудың әлемдік тәжірибесін ескере отырып, кез келген жүйе бейімделуді және сынақтық пайдалану кезеңін қажет етеді. Осы кезеңде сейсмикалық оқиғалар тіркеліп, талданады, сондай-ақ алгоритм параметрлері жергілікті геологиялық, геофизикалық және басқа да пайдалану жағдайларына сәйкес нақтыланады, - деді Алматы қаласы ТЖД бастығының орынбасары.

Ал Жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының мәліметінше, 2025 жылы Алматы қаласының аумағында 30 жаңа сейсмостанция орнатылды.

– Қазір автоматтандырылған ерте құлақтандыру жүйесіне біріктірілген 58 сейсмикалық станциялар жұмыс істейді. 2026 жылы тағы 40 станция орнату жоспарланып отыр, - делінген ведомство жауабында.

Еске салайық, ТЖМ Алматыдағы жер сілкінісінен кейін сел қаупі бар учаскелерді тексерді.