Almaty Air Initiative қорының сарапшылары 29 қыркүйекте өткен қоғамдық тыңдауда айтылған мәліметтерді жобалық құжаттармен салыстырды.
ЖЭО-2 қашан газға көшеді?
ЖЭО-2 жыл сайын шамамен 2,5 миллион тонна көмір жағады. Climate TRACE платформасының бағалауынша, 2024 жылы станция атмосфераға 94 тонна PM2.5 ұсақ бөлшегін шығарған.
Жаңғырту аясында станция аумағында жаңа бу-газ қондырғысы салынды. Ол желтоқсанда іске қосылмақ. Ал АлЭС-тің жазбаша жауабында жабдықты кезең-кезеңімен іске қосу 2027 жылғы қаңтарға белгіленген.
Іске қосу-баптау кезінде көмір қазандықтары жұмысын жалғастырады. Ал 2028 жылдан бастап көмір қазандықтарын қатар пайдаланбай, тек газбен жұмыс істейді.
Шығарындылар қаншалықты азаяды
Жоба бойынша бу-газ қондырғысы табиғи газбен жұмыс істеген кезде нормаланатын ластаушы заттардың жалпы шығарындысы жылына 37,5 мың тоннадан 2,7 мың тоннаға дейін, яғни 14 есе төмендеуі тиіс.
Негізгі газ режимінде басты түтін мұржаларынан шығатын күкірт диоксиді мен бейорганикалық шаң көлемі нөлге дейін азаяды деп көзделген.
Алайда резервтегі көмір қазандықтарын қоса есептегендегі бүкіл станцияның жобалық шығарындылар нормативтері:
— 2027–2030 жылдары — жылына шамамен 31,2 мың тонна;
— 2034–2040 жылдары — жылына 26,6 мың тонна.
Бұл көрсеткіштер нақты шығарынды болжамы емес. Олар газ жеткізілімі тоқтаған жағдайда көмір қазандықтарын пайдалану мүмкіндігі ескерілген жайтты ескеріп отыр.
Көмір қазандықтарына сүзгілер қашан орнатылады?
Резервте қалатын төрт көмір қазандығының шаң тазарту жүйелерін жаңарту 2030–2033 жылдарға жоспарланған. Жобаға сәйкес, жаңа электрсүзгілер орнатылғаннан кейін шаңның нормативтік концентрациясы 450-ден 200 мг/нм³-ке дейін төмендеуі тиіс.
Almaty Air Initiative қорының жетекшісі Жұлдыз Сәулебекова газға көшу жобасының нәтижесі көмір қазандықтарын қаншалықты жиі пайдаланылатынына байланысты екенін атап өтті.
— ЖЭО-2-ні газға көшіру Алматыдағы ауаның ластануын айтарлықтай азайтуы мүмкін. Алайда нақты нәтиже көмірмен жұмыс істейтін бөліктің қаншалықты жиі және қанша уақыт қолданылатынына байланысты болады. Сондықтан тұрғындарға көмірдің нақты шығыны, қазандықтардың жұмыс уақыты мен шығарынды көлемі туралы ашық деректерді ұсыну қажет, — деді ол.
ЖЭО-2 тағы қанша көмір жағады?
Қазір станция жылына шамамен 2,5 миллион тонна көмір тұтынады. Ал 2027–2029 жылдардағы өтпелі кезеңге арналған жобалық материалдарда көмір жағу көлемі жылына 1,7–1,8 миллион тоннаға дейін жетуі мүмкін екені көрсетілген.
Бірақ көмір пайдаланудың нақты жылдық лимиті, қазандықтарды іске қосу шарттары мен олардың рұқсат етілген жұмыс ұзақтығы әзірге жарияланбаған.
Қазір ЖЭО-2-нің көмірмен жұмыс істейтін екі түтін мұржасында автоматты мониторинг жүйелері орнатылған.
Осылайша станцияны газға көшіру шығарындыларды азайтуды көздегенімен, көмір қазандықтарының резервте қалу мерзімі, оларды жаңарту және нақты шығарындылар туралы деректердің ашықтығы мәселелері өзекті болып отыр.
Еске салсақ, Алматыдағы № 2 ЖЭО көмірден газға көшіп жатқаны хабарланды.