Алматылықтар қатты жер сілкінісі кезінде қайда жиналуы керек

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматының Бас жоспарында жер сілкінісі кезінде тұрғындар жиналуға болатын аумақтар қарастырылған. Олардың қатарында мектептер мен басқа да әлеуметтік нысандар, сондай-ақ ашық қоғамдық кеңістіктер бар.

Фото: Kazinform

Мәслихат сессиясында депутат Мұхтар Зүлеев сейсмикалық қауіпсіздік мәселесін көтерді. Ол Алматы тұрғындары жер сілкінісін сезгенін айтып, жер асты дүмпулері болған жағдайда тұрғындар жиналатын нақты орындар туралы сұрады.

— Алматы сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан, сондықтан сейсмикалық қауіпсіздік мәселесі аса өзекті. Тұрғындар күшті жер сілкінісі болған жағдайда қайда бару керегін және қауіпсіз жиналу орындарының қай жерде орналасқанын алдын ала білуі маңызды. Қаланың Бас жоспарында мұндай орындар қарастырылған ба? — деп сұрады депутат.

«Алматыбасжоспар» ҒЗИ директоры Асхат Сәдуов тұрғындар жиналатын орын ретінде білім беру нысандары мен ашық кеңістіктер қарастырылатынын айтты.

— Қуатты жер сілкінісі кезінде мектептер мен басқа да әлеуметтік нысандар тіпті түнгі уақытта да тұрғындарды қабылдай алады. Сондықтан Бас жоспарда білім беру нысандарының аймақтары 500 метрлік қолжетімділік радиусында қарастырылған. Олар жер сілкінісі кезінде тұрғындар жиналатын орын ретінде пайдаланылуы мүмкін, — деді Асхат Сәдуов.

Оның айтуынша, тұрғындарды жинау үшін ашық қоғамдық кеңістіктерді, автотұрақтар мен қоғамдық ғимараттардың жанындағы алаңдарды да пайдалануға болады. Мұндай аумақтар ағаштар мен электр беру желілерінен алшақ орналасуы керек.

— Бас жоспарда қазірдің өзінде тұрғындар жер сілкінісі кезінде жиналатын орын ретінде пайдаланылып жүрген немесе болашақта осындай мақсатта пайдаланылуы мүмкін нысандар жеткілікті, — деп қосты «Алматыбасжоспар» ҒЗИ директоры.

Айта кетейік, 28 қыркүйек күні таңертең Алматы тұрғындары 4 балдық жер сілкінісін сезінді. Жерасты дүмпулері Астана уақытымен сағат 09:38-де тіркелді. Жер сілкінісінің ошағы Алматы аумағында орналасқан.

Алайда сейсмологтар жойқын жер сілкінісі болуға негіз жоқ екенін айтып сендірді.