Алатау ауданының әкімі Данияр Қырықбаевтың айтуына қарағанда, электр энергиясының өшуіне ірі ритейлердің тапсырысы бойынша газ құбырын жүргізу кезінде мердігер компанияның кабельді зақымдауы себеп болған.
— Ірі дүкеннің тапсырысы бойынша газ құбырын ауданды ескертпей, рұқсат қағаздарынсыз көлденең бағытта бұрғылау әдісімен жүргізбек болған. Соның салдарынан 110 кВ кабелі зақымдалды. Біз тәулік ішінде бәрін қалпына келтірдік: зақым орнын тауып, жарықты қостық. Барлық қалпына келтіру шығынын кабельді зақымдаған компания өзі өтейді. Сонымен қатар Қала құрылысын бақылау басқармасы тарапынан айыппұл салынады, — деді Данияр Қырықбаев Алматының Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Еске салайық, 2025 жылғы 13 қарашада шамамен 18:00–де Алатау ауданындағы бірнеше шағынауданда жарық өшіп қалды.
Түні бойы апаттық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеді.
Алатау ауданындағы үйлердің бәріне бір тәуліктен аса уақыт өткен соң жарық қайта берілді.