Алматының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, мегаполис арық желісінің жай-күйіне тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Биыл қала аумағында барлығы 124 ақауы бар учаске анықталған. Оның 80-інде қазір жөндеу жұмыстары толық аяқталды.
— Қазіргі таңда 28 учаскеде құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасып жатыр. Ал қалған 16 учаскеде қажетті жұмыстарды жүргізу жоспарланған, — деп хабарлады ведомство.
Басқарма мәліметінше, Алматыдағы арық желісінің жалпы ұзындығы 1525 шақырым. Оның 1259,4 шақырымы көше-жол желісі бойымен өтсе, 265,6 шақырымы жасыл аймақтар мен тұрғын үй аулаларына тиесілі. Арықтарды тазарту жұмыстары күн сайын жүргізіледі.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда аптап ыстықтан электр энергиясы жаппай өшкенін жазғанбыз.