2026 жылдың сәуір айында LRT жобасын іске асыру үшін дайындық кезеңі басталып, Төле би көшесінде бұрынғы трамвай рельстері бөлшектеле бастады. Ал жиналған материалдар «Алматыэлектркөлік» ЖШС-ына өткізілетіні хабарланды.
Редакция сауалына жауап берген қалалық жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы қазір Төле би көшесінде трамвай рельстерін демонтаждау жұмыстары толық аяқталғанан атап өтті. Ведомство мәліметінше, жалпы ұзындығы 16 552 метр рельс алынған.
- Демонтаж жұмыстары Төле би көшесінің Момышұлы көшесінен Әуезов көшесіне дейінгі аралығында жүргізілді. Қазіргі таңда трамвай рельстерін алып тастау жұмыстары 100 пайызға аяқталды, - деп хабарлады басқармадан.
Айта кеткен жөн, қазір трамвай рельстері алынған Төле би көшесінің ортасы қоршалған және онда LRT жобасының суреттері ілінген.
Жоба қандай сатыда
Ведомство өкілдері жылдам рельсті көліктің құрылысына дайындық басталғанымен, оның жобалау-сметалық құжаттамасы енді әзірленетінін мәлімдеді. Бүгінде LRT бойынша техникалық-экономикалық негіздеме мемлекттік сараптамадан өткізіліп жатыр.
- Сараптаманы аяқтаудың болжамды мерзімі – 2026 жылдың шілде айы. "Мемсараптама” қорытындысы алынғаннан кейін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлейтін жобалаушы ұйым айқындалып, тиісті шарт жасалатын болады, - делінген басқарма жауабында.
Алматылық LRT қай бағытта жүреді
Биыл ақпан айында дайын болған техникалық-экономикалық негіздемеде жылдам рельсті көліктің қай көшелермен жүретіні көрсетілді. Құжат мәліметтері бойынша LRT депосы Фариза Оңғарсынова, Мөңке би және Бауыржан Момышұлы көшелерінің аралығында орналасады.
Деподан бастау алған жылдам рельсті көлік желісі Момышұлы көшесімен оңтүстік бағытта Төле би көшесіне дейін, сосын Төле би көшесімен шығыс бағытта Абылай хан даңғылына дейін жүреді. Осы учаскеден маршрут солтүстікке қарай бұрылып, Абылай хан даңғылымен Алматы-2 теміржол вокзалына дейін жалғасады. Соңғы аялдама «Райымбек батыр» — көлік-ауысып отыру торабының аумағында қарастырылған. Жобаның құрылысы 2027 жылдың ІІ тоқсанында басталып, 2029 жылдың ІІ тоқсанында аяқталуы ықтимал.
Бұған дейін Алматы жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаев елордада іске қосылған LRT-дан алматылық жобаның басты айырмашылығын атады.
Еске салайық, қазіргі уақытта LRT құрылысы үшін Жетісу, Алмалы, Әуезов және Алатау аудандарының аумағында орналасқан 270 жер телімін мемлекет мұқтажына алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.