Алматыда санитайзер орнатпаған мекеме басшыларына айыппұл салынады

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда дезинфекциялық құралдар орнатпаған кәсіпкерлерге айыппұл салынады. Бұл туралы бүгін әкімдікте өткен брифинг барысында қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімнің орынбасары қалада өтетін дезинфекциялық шаралар туралы тілге тиек етті.

«Бұл жұмыстар басталып кетті. Штаб отырысында жаппай сондай талап қойылды. Мектептер мен балабақшаларды, кинотеатрларды, концерттерді өткізбеуге болады. Бірақ қоғамдық көлікті тоқтата алмаймыз. Жекеменшік болсын, мемлекеттік болсын автопарктердің барлығын күнде көліктерді зарарсыздандырып тұруға бұйрық бердік. Ең алдымен автобустар мен метрода дезинфекция шараларын жасау басты шарт болып отыр», - деді Сапарбек Тұяқбаев.

Оның айтуынша, барлық мекемелерде санитайзерлер орнатуға талап қойылған.

«Санитайзерлер метро, қоғамдық орындарда, ауруханаларда, емдеу мекемелерінде қойылуы шарт. Тапшылық мәселесі шешілді. Тексеру жүргіздік. Кейбір кәсіпкерлер орнатпаған. Енді орнатпаған кәсіпкерлерге айыппұл салынады», - деді С.Тұяқбаев.

Қала әкімінің орынбасары мұның алдында азық-түлік тапшылығы мәселесі шешілгенін айтқан болатын.

Еске сала кетсек бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанның екі азаматынан коронавирус инфекциясы табылғанын мәлім еткен еді.



Соңғы жаңалықтар