Алтын бағасы тарихта алғаш рет 5600 доллардан асты
АСТАНА. KAZINFORM – Бейсенбі, 29 қаңтарда Чикаго тауар биржасында (CME) алтын фьючерінінің бағасы ақпан айында унциясына 5626,8 долларға жетті, деп хабарлайды Kazinform.
Осы аптаның басында алтынның бағасы алғаш рет 5 мың доллардан асты. Бағалы металл құны бір аптада 10%-дан астамға өсті. 2025 жылдың қорытындылары бойынша 64%-ға өскен баға 2026 жылдың басынан бері 27%-дан астамға қымбаттады.
Инвесторлар қаражаттарын қауіпсіз активтерге аударуына байланысты алтын бағасы өсті.
The Economic Times басылымының хабарлауынша, АҚШ-тың мемлекеттік қарыз деңгейінің өсуі әлемдік нарықтарда алаңдаушылықты күшейтті. Сауда белгісіздігі мен геосаяси шиеленіс те сұранысты қолдады. Орталық банктер өз резервтерін әртараптандыру үшін алтын сатып алуды жалғастырып келеді. АҚШ Федералды қор жүйесі пайыздық мөлшерлемелерді өзгеріссіз қалдырды, бұл алтын сияқты кірісті емес активтерге қолдау болды. Доллардың әлсіреуі алтынды шетелдік сатып алушылар үшін арзандатты.
Бұған дейін алтын мен күмістің құны рекорд жаңартуды жалғастырып жатқанын жаздық.
Әлемдік нарықта да алтын бағасы тарихи рекордтарды жаңартып жатыр. 26 қаңтарда троя унциясының құны алғаш рет 5000 доллардан асып, кейін 5200 долларға дейін жетті.
Қазақстанда алтын грамының бағасы қандай – осы материалдан оқи аласыз.