АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 771-ракеткасы, 18 жастағы Әмір Омарханов Монастир (Тунис) ITF M15 турнирінің финалында өнер көрсетті.
Қазақстанның жас жұлдызы шешуші бәсекеде әлемнің 382-ракеткасы, түркиялық Мерт Алкаямен бас жүлдені сарапқа салды.
Бірінші партияда Әмір 7:5 есебімен басым түсті. Екіншісінде түркиялық теннисші есе қайырды – 6:1. Үшінші, шешуші сетте Омарханов таразы басын өзіне аудара білді – 7:5.
Осылайша, Әмір Тунисте үздік шықты. Ол қазірдің өзінде ATP Live рейтингісінде бірден 643-орынға көтеріліп тұр.
Қазақстандық теннисші сонымен қатар франциялық Виктор Паганеттимен бірге жұптық сында доданың жартылай финалына дейін жетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Майами мастерс турнирінде Путинцеваны жеңген Рыбакинаның үшінші айналымға өткенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Әмір Омарханов Тунистегі турнирдің қатарынан екінші рет финалына шықты.
Майами турнирінде сенсация жасаған Александр Шевченко әлемнің 9-ракеткасын жеңді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).