Анастасия Городко фристайл-могулдан екі мәрте үздік бестікке енді

Фото: ҚР ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық шаңғы спорты және сноуборд федерациясы (FIS) фристайл-могулдан әлем кубогінің үздік спортшыларының аралық рейтингін жариялады.

ҚР ҰОК мәліметінше, Қазақстан құрамасының өкілі Анастасия Городко өткен кезеңдердің қорытындысы бойынша әйелдер арасындағы жалпы есепте үздік ондыққа енді.

2026 жылғы Олимпиада ойындарының қарсаңында отандасымыз могул сайысында 150 ұпаймен бесінші орында тұр. Сондай-ақ ол параллель могулда 45 ұпай жинап, бесінші орында келеді.

Әлем кубогінің жалпы рейтингінде Анастасия Городко 195 ұпаймен алтыншы орында тұр.

Айта кетейік, Олимпиада ойындарынан кейін әлем кубогінің тағы үш кезеңі өтеді. Солардың бірі Алматы қаласында ұйымдастырылады.

Осы маусымда Городко әлем кубогі кезеңдерінде бес рет үздік ондыққа енді (оның ішінде екі мәрте бесінші орын алды). Сонымен қатар оның еншісінде Францияда өткен халықаралық турнирде жеңіп алған екі алтын медаль бар.

Айта кетейік, шайбалы хоккейден Қазақстан 18 жасқа дейінгі қыздар құрамасы IIA дивизионында өтіп жатқан әлем чемпионатындағы төртінші ойынын Нидерландқа қарсы өткізеді.

2026 жылы Италияда өтетін XXV қысқы Олимпиада ойындарына елордадан төрт спортшы қатысады. Бұл туралы Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов АКҚ-да өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.