АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Анна Данилина Аделаида (Аустралия) WTA 500 турнирінің жартылай финалына жолдама алды.
Қазақстандық теннисші ресейлік Ирина Хромачевамен бірге ширек финалда америкалықтар Эшлин Крюгер — Джессика Пегуламен кездесуі керек еді.
Алайда америкалық жұп матчқа келмей қалды да, Данилина — Хромачева жартылай финалға ойнамастан өтті.
Қазақстандық-ресейлік жұп финалға шығу үшін бразилиялық Беатрис Хаддад Майя — германиялық Лаура Зигемундпен таласады. Олар ¼ финалда тартысты бәсекеде америкалық Дезире Кравчик — мексикалық Джулиана Олмосты жолдан тайдырды — 5:7, 6:4, 13:11.
Бір апта бұрын А.Данилина — И.Хромачева жұбы Брисбен WTA 500 жарысының ширек финалына дейін жетіп, онда жапониялықтар Суко Аояма — Эри Ходзумиге есе жіберген еді — 0:6, 4:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Аделаида турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Зарина Дияс Таиландтағы турнирде үшінші кездесуінде жеңіске жетті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).