НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Анна Данилина АҚШ ашық чемпионатының ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
А.Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге жарыстың 8-ракеткалары болып тіркелген еді.
Қазақстандық-бразилиялық жұп үшінші айналымда доданың 10-ракеткалары, америкалық Николь Меличар-Мартинес – аустралиялық Эллен Переспен шеберлік байқасты.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсекеде америкалық-аустралиялық дуэт 6:3, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Олар1 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қазақстандық-бразилиялық жұп 2 эйс жасағанымен, 5 брейк-пойнттан ештеңе шығара алмады.
Осылайша, ересектер арасында АҚШ ашық чемпионатында Қазақстаннан ешкім қалмады.
Жасөспірімдерден Аружан Сағындықова жарыс жолын жалғастыруда. Іріктеу сайыстарынан өткен ол чемпионаттың алғашқы айналымында бүгін америкалық Лив Ховдемен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннисші Аружан Сағындықованың алғаш рет US Open турниріне өткенін , Жібек Құламбаеваның Алматы турнирінің финалында ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.
Фото: ktf.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).