Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина Хобарт (Аустралия) WTA 250 турнирінің финалына шыға алмады, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстандық теннисші украиналық Надежда Киченокпен бірге қытайлықтар Ханью Гуо – Синью Янь жұбына қарсы финалдық кезеңнің жолдамасын сарапқа салды.
Бірінші партияда қытайлық дуэт 4:2 есебімен алға шыққанымен, Анна мен Надежда таразы басын теңестіре алды. Бірақ Гуо – Янь қайта брейк жасады – 7:5.
Екінші сетте есеп 2:2 болған кезде матч кейінге қалдырылған болатын. Бүгін таңмен жалғасқан бәсекеде қытайлық жұп жеңіске жетті – 6:3.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған кездесуде А.Данилина – Н.Киченок 1 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Қарсылас дуэт 6 брейк-пойнттың төртеуін құр жібермеді.
Данилина жұптық сында енді Аустралия ашық чемпионатында өнер көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Аделаиде турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Елена Рыбакина Аделаиде турнирінде жеңіліп қалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).