Александр Бублик Аделаиде турнирінің жартылай финалына шықты
Қазақстанның бірінші, әлемнің 31-ракеткасы Александр Бублик Аделаиде (Аустралия) ATP 250 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 25, осы жарыстың 4-ракеткасы, италиялық Лоренцо Музеттимен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Бублик қарсыласынан басым болды – 6:3. Екінші сет барысында италиялық спортшы алға кеткенімен, Александр таразы басын теңестіре алды. Бірақ тай-брейкте жиірек қателесті – 6:7 (4:7).
Тартысқа толы үшінші партияда Александрдың мерейі үстем болды. Ол Музеттиді 7:5 есебімен қапы қалдырды.
2 сағат 35 минутқа созылған теннис додасында Бублик 17 эйс жасап, 14 брейк-пойнттың бесеуін құр жібермеді. Ал, Музетти 3 эйс, 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.
Отандасымыз финалға шығу үшін әлемнің 14, доданың 1-ракеткасы, америкалық Томми Пол немесе рейтингіде 62-сатыдағы ұлыбританиялық Джек Дрейпердің қай жеңгенімен кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Елена Рыбакинаның алғашқы қарсыласы анықталғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Александр Недовесов Аустралиядағы жарыстың жартылай финалына өтті. Аустралия ашық чемпионатында Бейбіт Жұқаев жарыс жолынан шығып қалды.