Аргентинаның үйқамақта отырған бұрынғы президенті ауруханаға жатқызылды
АСТАНА. KAZINFORM — Үй қамауында отырған Аргентинаның бұрынғы президенті Кристина Фернандес де Киршнер іші ауырып ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ТАСС.
Қоңырау түскен бойда көмекке келген дәрігерлер бұрынғы мемлекет басшысын сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін жазасын өтеп жатқан пәтерде тексеріп, ауруханаға жатқызуды ұйғарған. Ауруханада Фернандес де Киршнерге соқырішек диагнозы қойылды. Оған ота жасалды.
Фернандес де Киршнер 2007 жылдың желтоқсанынан 2015 жылдың желтоқсанына дейін Аргентинаның президенті болды. Ал 2019 жылдан 2023 жылға дейін вице-президент қызметін атқарды. Сот 2022 жылдың желтоқсан айында Санта-Крус провинциясындағы инфрақұрылымдық жобаларға қатысты сыбайлас жемқорлық үшін 16 жылға бас бостандығынан айырды. Айыптаушы тарап қылмыстық келісімнің нәтижесінде келісімшарттардың көпшілігі ақшаны жылыстатқаны үшін сотталған кәсіпкер Ласаро Баеске тиесілі компанияларға берілді деп санайды. Экс-президент кінәсін мойындамай, өзін саяси қуғын-сүргін құрбаны екенін айтқан.
Жоғарғы сот 10 маусымда үкімді күшінде қалдырды. Сонымен қатар Фернандес де Киршнерге мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салды. Сот 72 жастағы бұрынғы мемлекет басшысының жасына және оның бұрынғы президент ретінде түрмеде кездесетін тәуекелдерінің жоғарылауына байланысты оның темртордағы жазасын үйқамаққа ауыстырды.
Биыл Аргентина соты Кристина Киршнерді мемлекеттік қызметтен өмір бойына шеттетті.
Қазан айында Аргентина президенті Хавьер Майли аралық парламенттік сайлауда жеңіске жетті.