ЕРЕВАН. KAZINFORM – Армения президенті Ваагн Хачатурян «Халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолындағы Трамп бағыты» (TRIPP) жобасы аясындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімді ратификациялайтын заңға қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.
Айта кетейік, 28 қазанда Арменияның Ұлттық жиналысы (парламент – авт.) аталған келісімді ратификациялаған еді. Құжатқа «Азаматтық келісім» билік партиясының 63 депутаты қолдау көрсетіп, оппозицияның 32 өкілі қарсы дауыс берген.
Еске салайық, таяуда АҚШ, Армения және Әзербайжан TRIPP жобасын іске асыратын техникалық жоспарлау топтарын құрды.
Бұған дейін Армения премьер-министрі Никол Пашинян TRIPP жобасын жүзе асыру аймақтағы өзара көлік байланысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтты.
Мұнымен бірге жақында Армения мен АҚШ TRIPP жобасы аясында бірлескен компания құруға ниетті екенін жазып едік.
Әлихан Асқар
2018 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары облыстық Qostanai, республикалық Astana TV, «Жетінші арна» телеарналарындағы бағдарлама және жаңалықтар бөлімінде қызмет етті. «ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылдың мамырынан бастап еңбек етеді. 2023 жылдан бері Kazinform агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі.