АҚШ, Армения және Әзербайжан TRIPP жобасын іске асыратын техникалық жоспарлау топтарын құрды

ЕРЕВАН. KAZINFORM — АҚШ, Армения және Әзербайжан «Халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолындағы Трамп бағыты» (TRIPP) жобасын ілгерілету мақсатында үшжақты техникалық жоспарлау топтарын құрды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.

АҚШ, Армения және Әзербайжан TRIPP жобасын іске асыратын техникалық жоспарлау топтарын құрды
Фото: arvak.am

Аталған формат аясында үш елдің жауапты ведомство өкілдері мен сарапшылары өңірдегі тұрақтылықты, экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған ұсыныстарды зерделейді. Әсіресе, көлік қатынасы мен электр желілерін салу мәселелеріне басымдық беріледі.

— Техникалық жоспарлау топтарының құрылуы күрделі мәселелерді шешуге және жобаны жүзеге асырудың келесі кезеңдеріне көшуге мүмкіндік беретін маңызды қадам саналады. Сондай-ақ TRIPP дәлізін өңірдегі басқа да инфрақұрылымдық желілермен байланыстыру мүмкіндігі қарастырылады, — делінген Арменияның Сыртқы істер министрлігі таратқан хабарламада.

Еске салайық, таяуда Армения премьер-министрі Никол Пашинян TRIPP жобасын жүзе асыру аймақтағы өзара көлік байланысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтты.

Мұнымен бірге таяуда Армения мен АҚШ TRIPP жобасы аясында бірлескен компания құруға ниетті екенін жазып едік.