Арменияда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза күшейеді

ЕРЕВАН. KAZINFORM — Армения Ұлттық жиналысы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және одан зардап шеккен адамдарды қорғауға бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.

Фото: ҚР ІІМ

Ұсынылып отырған түзетулерге сәйкес, енді ескерту жасау тәртібі жойылып, оның орнына зорлық-зомбылық жасаған адамдар арнайы есепке алынады. Сондай-ақ полиция оқиға жайлы ақпарат алғаннан кейін 12 сағаттан кешіктірмей қылмыс туралы тергеу органына хабарлауға міндеттеледі.

Мұнымен бірге бұған дейін кінәсін толық мойындап, мұндай іске барғанына өкінетін адамдарды қылмыстық жауапкершіліктен босату мүмкін болатын. Енді ол бап алынып тасталады.

Құжатта жазылғандай, отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді оңалту, оларды арнайы орталықтарға орналастыру тәртіптері жеңілдейді. Сонымен қатар жәбірленушілермен бірге тұратын айыпталушыларды үйқамаққа алу тәртібі алынып тасталады.

Қоса кетсек, таяуда депутат Айжан Аймағанова зорлық-зомбылыққа тосқауыл қоюдың жаңа тетігін ұсынған еді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан БҰҰ сессиясында зорлық-зомбылықтың алдын алу тәжірибесін таныстырды.