2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Арменияның премьер-министрі Қазақстан халқына көңіл айтты

ЕРЕВАН. KAZINFORM – Армения премьер-министрі Никол Пашинян Қазақстан халқына және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.

Фото: Ақорда

— Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығулары барысында болған қайғылы оқиға туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Армения Республикасының және жеке өз атымнан Сізге, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына, сондай-ақ бауырлас Қазақстан халқына қайғырып көңіл айтамын. Осы қиын сәтте қайғыларыңызға ортақтасып, сіздерге сабыр тілейміз. Жараланғандардың тезірек сауығып кетуіне және хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметшілердің мүмкіндігінше тез әрі аман-есен табылатынына үміт білдіремін, - делінген Арменияның үкімет басшысы жолдаған жеделхатта.

Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқанын хабарлағанбыз. Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.

Кейіннен Каспийде қаза болған әскери қызметшілердің саны 12-ге жетіп, екеуі іздестіріліп жатқаны хабарланды.

Қорғаныс министрлігі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің тізімін жариялады.

Әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын жаздық.

Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.

Әскерилердің қазасынан кейін Ақтауда үш күнге жоспарланған мерекелік шаралар өтпейтіні айтылды.

Бүгін Каспийде екі әскери қызметшіні іздеу операциясына жүздеген адам жұмылдырылғаны хабарланды.

Сонымен қатар әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне жауапты тұлғалар күдікке ілінгені туралы жазған едік.

Айта кетелік Каспийдегі төтенше жағдайдан кейін құтқарылған әскери қызметші есін жиған еді.

Бүгін Каспий теңізінде жоғалған екі әскери қызметшінің денесі табылып, іздестіру операциясы аяқталған еді.

Сонымен қатыр Каспийдегі әскери қызметшілердің қазасына байланысты қылмыстық іс екі бап бойынша тергеліп жатыр.